Алматыда Қытай университеттерінің көрмесі өтті
2025 ж. 21 сәуір
434
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қытайда білім алу және қытай тілі емтиханы (HSK)» тақырыбындағы ІІ Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Ауқымды іс-шараны Халықаралық қытай тілі тест орталығы мен ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырды.
Мұнда қытайлық көшбасшы және беделді 40-қа жуық жоғары оқу орындары келушілерге университет туралы толық ақпарат беруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар жастарға халықаралық бағдарламалар арқылы оқуға түсу мүмкіндіктерін таныстырып, қабылдау ережелерін түсіндірді. Бұған қосымша, Қытай университеттері білікті және қытай тілін меңгерген мамандарды жұмысқа шақырды.
Көрменің ашылу салтанатына ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының білім жөніндегі консулы Хуан Сяоминь, Қытай тілін тестілеу орталығы директорының орынбасары Лю Сяо Лонг, Қытай университеттерінің өкілдері, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Шарада ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ-да екінші рет өтіп жатқан көрме қос мемлекет арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге тың серпін беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі сенімді серіктесіміз. Бүгінде берік достыққа негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр», – деп атап өткен болатын. Бүгінде ҚазҰУ-да 1440 қытайлық студент білім алады. Сондай-ақ Қытайдың 65 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатылып, ортақ жобалар жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда қытайлық әріптестермен бірлесіп 15-ке жуық ғылыми орталықтар мен зертханалар ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да дамитынына сенімдімін. Бүгінгі көрме ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың көрінісі», – деді ректор.
Өз кезегінде Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының білім жөніндегі консулы Хуан Сяоминь технологияны игеру және қытай тілін жетік меңгеру үшін қазақ студенттерін Қытайда білім алуға шақырды. «Бүгін – БҰҰ-ның бекітуі бойынша халықаралық қытай тілі күні. Осы тұрғыда айтулы күні Қытай университеттерінің көрмесі ҚазҰУ-да өткені айрықша мәнге ие. Бұл бастама қазақ-қытай арасында студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік береді», – деді консул орынбасары.
Көрменің ашылуында сөз алған Қытай тілін тестілеу орталығы директорының орынбасары Лю Сяо Лонг ауқымды шараны ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына зор ризашылығын жеткізді. «Бұл көрме қазақстандық жастар үшін Қытайда білім алу мен қытай тілінде жұмыс істеу бойынша беделді әрі әртараптандырылған платформа болмақ. Біз университет арасындағы алмасуларды жалғастырып, мәдени байланыс пен инновациялық ынтымақтастықты қатар дамытатын жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз», – деді Лю Сяо Лонг.
Жиын соңында қатысушылар көрмені аралады.