Профессор Элеонора Сүлейменоваға арналған мерейтойлық симфония
2025 ж. 18 сәуір
231
0

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да филология ғылымының докторы, профессор, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Элеонора Дүйсенқызының 80 жылдық мерейтойына арналған «Мерейтойлық симфония» кеші өтті.
Мерекелік іс-шараға Элеонора Дүйсенқызының әріптестері, серіктестері, шәкірттері, туыстары мен достары және белгілі ғалымдар жиналды. Олардың көпшілігі басқа елдер мен қалалардан келген.
Салтанатты шара жүргізушілердің құттықтау сөзімен басталды. Профессор саналы ғұмырының алпыс жылдан астам уақытын ғылым мен білімге арнаған тұлға. «Профессор Элеонора Сүлейменоваға арналған мерейтойлық симфония – бұл жай ғана құрмет емес, бұл оның ғылыми және педагогикалық қызметінің барлық жан-жақты аспектілері айтылатын музыкалық портреттің бір түрі. Осы симфониядағы әрбір аккорд, әрбір қозғалыс оның ғылыми мансабындағы жаңа кезеңді бейнелейді, әрбір тон ғылымның дамуына қосқан үлесі болып табылады», – деді кешті жүргізушілер.
Мерейтой иесін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтап, ғалымның еліміздің ғылымы мен біліміне қосқан үлесін, білікті мамандар мен талантты ғалымдардың бірнеше буынын тәрбиелегенін атап өтті.
Мерекелік кеште Элеонора Дүйсенқызының сүйікті «Екі жирен» әнін университеттің Арт-орталығының қызметкері Бекзат Абитов орындады. Әрмен қарай «Флагман» бағдарламасының жетекшісі Дэн Дэвидсон құттықтау сөз сөйлеп, профессор Э.Сүлейменованың көпжылдық халықаралық жоба шеңберінде әріптестік байланысты дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында профессордың жетістіктері, оның ішінде ғылыми жұмыстар мен кітаптар көрмесі өтті. Сондай-ақ мерекелік бағдарламада флэшмоб пен музыкалық нөмірлер қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Қазақ және орыс тілдерін меңгеру үшін ҚазҰУ-ды таңдаған америкалық студенттер де өз ұстазы мен тәлімгеріне алғыс айтып, арнайы құттықтау оқыды.
Кеш барысында қонақтар Элеонора Дүйсенқызымен әртүрлі жобаларда әріптес болып, ерекше байланыс орната білетін ғалым жайлы естеліктерімен бөлісіп, ол әрдайым студенттерге, әріптестеріне және достарына аса жомарттықпен көңіл бөлетінін айтты.
Мереке соңында сахнаға профессор Элеонора Сүлейменованың шәкірттері – PhD докторы және филология ғылымының кандидаттары шықты. Олар ардақты ұстаздарының ғылым мен білімге қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты.