Ұлттық құрылтай. Елеулі кезең

Ұлттық құрылтай. Елеулі кезең

2025 жылғы 31 наурыз күні Астана қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Ұлттық құрылтай. Елеулі кезең» атты Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысын талқылауға арналған кездесу өткізді. 

Аталған кездесуде Ұлттық құрылтай отырыстарына шолу жасалып, Бурабайда өткен IV отырыста көтерілген мәселелер талқыланды. Іс-шараға сарапшылар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар қатысты.

Кездесу Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Тасымның модераторлығымен өтті.

«Ұлттық құрылтай қызметінің ерекшелігі – оның консультативтік-кеңесші сипаты және әлеуметтік-саяси даму мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізуге бағдарлануы. Бурабайда IV Ұлттық құрылтай өз жұмысын қорытындылады. Алаң бүгінгі қоғамдық-саяси үдерістерді сараптау орнына айналды. 

Президент Қ.Тоқаев Бурабайдағы сөзінде ең басты мәселе – Қазақстан Тәуелсіздігінің 40 жылдығына қандай жетістіктермен жететіні екенін атап өтті. Оған қоса, бiздiң мықты тұсымыз - төрт стратегиялық тірек айқындалды, олар: цифрландыру және жасанды интеллект – технологиялық серпіліс, мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін арттыру; логистика – Қазақстанды Еуразия кеңістігінде маңызды көлік хабына айналдыру; агроөнеркәсіп кешені – ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; энергетика – дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін дамыту, орнықты өсуге негіз қалау. Жалпы, алдағы уақытта нормативтік-құқықтық құжаттардың жүйеленуі және елді жаңғыртуға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық құжаттардың қабылдануы күтілуде. Келесі, V Ұлттық құрылтай Қызылорда қаласында өтеді. Бұл – тарихи мәнге ие шешім, өйткені Қызылорда бір кездері Қазақстанның алғашқы астанасы болған. Демек, болашаққа бағытталған талқы терең тарихи тамырға сүйенуде».

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы негізгі басымдықтарға тоқтала отырып, ҚҚДИ мен ҚХА кафедрасы арасындағы Құрылтайда көтерілген мәселелер шеңберінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әріптестік қарым-қатынас туралы айтып өтті.

«Шынында да, бүгін біздің тығыз ынтымақтастығымыздың маңызды аспектісі атап өтілді, Ұлттық құрылтай аясындағы зерттеулермен таныстық. Әсіресе, дәл осындай ынтымақтастық арқылы ғылыми-сарапшылық дипломатия сияқты маңызды бағыт қалыптасады деп ойлаймын, бұл қазіргі жағдайда өте маңызды. Қазақстанда сарапшылық орта белсенді түрде қалыптасып келеді және осы ортада шетелде де қызығушылық тудыратын маңызды интеллектуалдық орталықтар бар. Алайда, бұл орталықтар көбіне автономды жұмыс істейді. Бүгінгі кездесу бізге өз мүмкіндіктерімізді кеңейтуге және тығыз ынтымақтастық орнатуға тамаша мүмкіндік береді».

Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының сарапшы-менеджерлері Олжас Төремұратов пен Индира Кунтуова Ұлттық құрылтай аясында жарық көрген талдау баяндамаларын таныстырып, сарапшылармен жұмыстың қыр-сырымен бөлісті.

«2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Ұлттық құрылтай шеңберінде қоғамдық-саяси тақырыптар бойынша талдау баяндамаларын әзірлеп келеді. 2023 жылы сарапшы М. Хасеновтің, сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері Қ. Арыстанбеков, Ғ. Әбішев, Г. Илеуова және А. Чеботаревтің қатысуымен 5 талдау баяндамасы жарық көрді.

2024 жылы үш талдау баяндамасы дайындалды, онда Қазақстанның жалпыұлттық құндылық бағдарының негізгі теориялық және қолданбалы аспектілерін зерттеу нәтижелері (А. Чеботарев), жастарды құндылыққа бағдарлап оқыту және тәрбиелеу жүйесін құру негіздері (Р. Қаратабанов) ұсынылды, сондай-ақ Қазақстандағы креативті сектордың заманауи үрдісі, трансформациясы мен даму перспективасы (Р. Қадыр) талданды. Әрбір талдау баяндамасы әлеуметтанулық деректерге – Ұлттық құрылтай мүшелерін қоса алғанда, сарапшылармен жүргізілген жаппай сауалнамалар мен тереңдетілген сұхбаттарға негізделген».

Саясаттанушы, «Контртеррористік комитет» РҚБ төрағасының орынбасары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының докторанты Ассоль Мирманова Мемлекет басшысының Бурабайдағы сөзіне қатысты сарапшы-академиялық қауым тарапынан пікір білдірді. 

Талқылау барысында басқа да қатысушылар Ұлттық құрылтайға қатысты туындаған сұрақтарына жауап алды.