Қазыбек Иса парламентте көтерген Құлыбаевтар иеленген Жоғары Кеңес ғимараты мемлекетке қайтарылды

Қазыбек Иса парламентте көтерген Құлыбаевтар иеленген Жоғары Кеңес ғимараты мемлекетке қайтарылды

Бұрынғы Жоғары Кеңестің тарихи ғимаратын жекешелендіріп алған Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) енді мемлекет меншігінде.

Бұған дейін университеттің жалғыз акционері – экс-президенттің қызы Динара Құлыбаеваға тиесілі «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» болған.

2025 жылы 27 ақпаннан бастап ҚБТУ-дың жаңа иесі ретінде «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» тіркелді.

Бұл компания заңсыз иеленіп, кейін мемлекетке қайтарылған активтерді басқарады.

Осылайша, кезінде 11,3 млрд теңгеге жекешелендірілген беделді оқу орны қайтадан халық игілігіне жұмыс істейтін болды.

Еске сала кетейік, осыдан екі жылдай бұрын 2023 жылы 27 маусымда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса халық қазынасын халыққа қайтару мақсатында Қасиетті Тәуелсіздікті жариялаған Жоғары Кеңестің тарихи ғимаратын отбасыдан отанға қайтару керектігін көтерген еді.

- «Мың өліп, мың тірілген» Қазақ Елі қанша ғасыр күресіп жеткен қасиетті Тәуелсіздік ұғымын еліміздің ең басты ұлттық құндылығы ретінде қастерлей білуіміз қажет! Ал бабаларымыз талай рет қанын төгіп, жанын қиып, армандап кеткен Тәуелсіздікті қабылдап, ең алғаш әлемге жариялаған Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің киелі ғимаратын отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер иеленіп алып, қазақша атын жаза алмайтындар қазақтың қасиетті орнының шаңын шығарып жатыр. Яғни, Отанымыздың тарихи ордасы отбасының меншігіне айналып кетті!.. Әділетті Қазақстанда қашан әділеттілік орнап, қасиетті ғимаратымызды қайтарып аламыз? “Ақ жол” партиясы 10 жылдан бері көтеріп, жақында қабылданған заңсыз иеленген активтерді қайтарып алатын заңымызды осы ең басты тарихи ғимаратымызды мемлекетке қайтарудан бастау керек! - деген еді депутат Қазыбек Иса өз сауалында.

Міне, енді Қазақстан-Британ техникалық университетімен бірге бұрынғы Жоғары Кеңестің тарихи ғимараты мемлекетке қайтарылды деуге болады.

Қазақ үні