ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУ ЖОЛЫНДА...

d0b6d0b0d2a3d0b0d3a9d0b7d0b5d0bd-21        

Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру Акционерлік қоғамының өндірістік филиалы «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары ереуілге шығып, ол ереуілдің жиырма күнге созылып тоқтағаны белгілі.

         «Көп қорқытады» демекші, бұл ереуілге 12 000-ға жуық адам қатысты. Жұмысшылар «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ басшыларына 14 талап қойды. Ол талаптардың ішінде аумақтық 1,7 коэффициентін толығымен төлеу және «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалын мемлекеттің иелігіне қайтару туралы маңызды талаптар да бар еді. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының талаптарын қарау бойынша Келісім қабылданды. Бұл Келісімді қабылдауға жұмысшылар тарапынан М.Есенбаев, Ж.Қыдырғалиев, А.Жайлядов, Ы.Шангреев, Н.Ажигалиева, С.Төкенов, Т.Қашанов, К.Боранбаев, Сақтағанов, Т.Сақтағанов, А.Сарсенов және Ш.Өткеловтер, ал жұмысберуші тарапынан Қ.Көшербаев - Маңғыстау облысы әкімі, Қ.Қабылдин - «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы, Л.ҚиыновҚР сауда және экономика Вице-Министрі, Б.НұрымбетовҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-Министрі, С.ОспановҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Б.Ақшолақов – «Самрұқ-Қазына» ӘАҚ АҚ мұнайгаз активтері бойынша басқарушы директоры, А.Айтқұлов - Маңғыстау Облысы әкімінің орынбасары, К.Ыбрашев - «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ Бас директоры  приры, С.Өтеғалиев - «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ шығару жобаларының Бас менеджері, О.СарбөпеевЖаңаөзен қаласының әкімі және М.ТойжанЖаңаөзен қаласының прокуроры қатысты. Отырыс 18-наурыз күнгі 17.00-де басталып, 19-наурыз күнгі сағат 8.00-де тараптардың Келісім қабылдауымен аяқталды. Жұмысшылардың жиырма күн бойы жұмысқа шықпаған күндеріне еңбекақы төленбейтін болды. Себебі, ереуілдің заңсыз екендігі жөнінде сот шешімі бар деген уәжді алға тартты жұмыс беруші тарап. Заң талаптары бойынша жиырма күннің еңбек ақысын төлеттіру үшін сол соттың шешімін бұздыру қажет екен.

         Дегенмен, ереуілдің соңы қақтығысқа ұласып, орны толмас өкінішке әкеліп соқпағанына шүкіршілік еттік. Жаңаөзенге барар жолда бір ерсі оқиға болды. Соны айта кетуді жөн көріп отырмын. Мен қоғамдық құқық қорғаушы заңгер ретінде, ереуілшілердің өтініштері бойынша Жаңаөзенге бармақшы болып, Маңғыстау әуежайынан түстім. Жанымда журналист бар. Әуежайдан Жаңаөзенге таксимен жету керек болды. Жаңаөзенге такси жалдасам, құқық қорғау органдарының назарына ілініп, барар жеріме жете алмай қалу қаупі болғандықтан, көлік жүргісушісіне Жетібайға апаруын өтіндік. Автокөлікке отырған соң ғана Жаңаөзенге жеткізуін сұрадық. Сөйтіп, Жаңаөзенге аттандық. Әуежайдан бастап соңымызға мемлекеттік нөмірі  898 деген түсі қара джип машинасы ерді. Ақтаудан 17 шақырым жүрген кезде МАИ қызметкерлері алдымызда кетіп бара жатқан екі көлікті тоқтатпай, біздің көлікті тоқтатты. Көлікті тоқтата сала МАИ қызметкері оның есігін ашып, қолмен тежеуішін тартып, тексеріп көрген болып таксидің артында отырған бізді көзінің астымен бір шолып өтті . Осыдан кейін жүргізушіні ертіп жол шетінде тұрған дүңгіршекке кетті. Жанымдағы жорналшыға қазір бізді де шақырады, көр де тұр дедім. Айтып ауыз жимай жатып жүргізуші келді. Өңінде абыржу байқалады. «Аға, сіздерді де шақырып жатыр», - деді ентігіп. Баяу басып біз де кірдік дүңгіршекке. Екі қызметкер формада, ал біреуі формасыз отыр екен. Аты-жөнімізді төлқұжатымыз бойынша   және Жетібайға наурыздың келуі бойынша «көрісуге» бара жатқанымызды жорналға жазып қойды. Мен олардың мұндай әрекетке баруларына еш негіз жоқ екенін ескертіп біреуінің кеудесіндегі R 066 деген арнайы белгісін телефоныма жазып алдым. Содан көлік жүргізушісі аң-таң болып: «Аға, мен 30 жыл көлік жүргіземін, бірақ ай далада МАИ қызметкерінің қолмен тежеуішті тексеруін бірінші рет көруім», - деп еріксіз басын шайқады. Мен оған Жетібайда да МАИ тұратындығын ескерттім. Айқанымдай МАИ-дың екі қызметкері арнайы көліктерімен тұр екен. Жүргізуші жігіт тағы басын шайқады. Сөйтіп, еріксіз Жетібайға бұрылдық та сәл жүріп тоқтадық. Артымыздан еріп келе жатқан қара джип те Жетібайға бұрылып бізден өте бере тоқтады. Жүргізуші автокөлігін қарап біраз уақыт тұрды. Қара джип кері бұрылып жанымыздан өте шықты. Сол жерде көлік ауыстыру қажет екеніне көзіміз жетті. Жетібайдағы бір асханада сағатқа жуық уақыт өткізіп, басқа көлікке мініп, Жаңаөзенге жеттік. Алайда әлгі МАИ қызметкерлері бұл жолы біздің соңымыздан ермеді. Міне, бұл жолы да жеңіске жету жолы оңай емес екендігіне көз жеткіздік. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп билік пен халық болып мысық пен тышқан ойнағанымыз, әрине, өкінішті.

«Жаса, Азаттық!» ҚБ-нің

заңгері Жиынбек Рәбілұлы