Салық жөніндегі пікірталастар кезінде бюджет пен отандық бизнесті әділетсіз импорттан қорғау қажет

Салық жөніндегі пікірталастар кезінде бюджет пен отандық бизнесті әділетсіз импорттан қорғау қажет

Премьер-министрдің орынбасары,

Қазақстан Республикасының

Ұлттық экономика министрі

С.М. Жұманғаринге

Бюджетті толтырудың маңызды арналарының бірі әрдайым тауар импортты реттеу болғаны белгілі. Бұл сала бюджет үшін ғана емес, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау негізінде де маңызды.

Қалыптасқан жағдайды құны 200 еуроға дейін жететін жөнелтілімдерді бажсыз әкелу құқығын пайдаланатын шетелдік маркетплейстер айқындап отыр.

Мәселен, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 миллиард теңгенің тауарын жеткізіп, бюджетке 24 миллиард теңге төледі, яғни, бұл айналымының 4,8%-ы ғана емес, кедендік баж салықтарын төлеуден толық жалтару, оған қоса, ҚҚС-тан 2,5 есе аз, ал, ҚҚС жалпы алғанда әрқашан тауар жеткізілетін елде төленіп, бюджетті толтырудың маңызды факторы ретінде қызмет етеді.

Яғни, тек шетелдік маркетплейстер операциялары бойынша ҚҚС төлеуден жалтару арқылы 2023 жылы бюджет 60 миллиард теңгеден астам қаржыдан құр қалған, бұған өндірістегі жұмыс орындарынан түспей қалған жеке табыс салығын қосыңыз.

Сарапшылардың мәліметтері бойынша, дәл сол импортталатын тауарлар үшін қазақстандық маркетплейстерге түсер фискалды жүктеме 16,3% құрайды, яғни, 4 есеге жуық жоғары.

Жергілікті платформалар арқылы жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлер 62%-ға дейін жететін әртүрлі алымдар (ҚҚС, корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, кедендік баждар, сертификаттау және т.б.) төлеуге міндетті.

Сарапшылардың бағалауынша, егер дәл осындай сомаға (505 млрд теңге) тауар қазақстандық алаңдар арқылы сатылса, бюджетке 24 емес, 136 млрд теңге түсер еді, оның 82 млрд теңгесі ҚҚС + осы тауарларды өндірудегі 46 мың жұмысшыдан 54 млрд жеке табыс салығы болар еді.

Шетелдік маркетплейстер (Temu, Amazon, AliExpress және т.б.) Қазақстанда орналаспаған, сондықтан біздің заңнамаға сәйкес салықтар мен алымдарды төлеуден жалтарады. Мұндай жағдай қазақстандық өндірушілерге қарсы әділетсіз бәсекелестік артықшылықтарына ие болуға мүмкіндік беретін, импортқа салық салудағы үлкен олқылық деп санаймыз.

Электрондық коммерция көлемі 2 жыл сайын екі есе өсетінін ескеру керек, яғни, биылғы жылы бюджеттің шетелдік маркетплейстерден жоғалтар пайдасы 250 миллиард теңгеден асады.

Ал бұл көп жағдайда қазақстандық кәсіпорындарды ығыстырып, жұмыс орындарын жабу арқылы жасалады.

"Qaztech" технологиялық компаниялар Альянсы" қауымдастығының болжамы бойынша, егер мемлекет аталған үрдістерге араласпаса, онда бүгінгі 20%-дан 2029 жылға қарай қазақстандықтардың 50%-дан астамы тек шетелдік маркетплейстерден ғана сатып алуды жүзеге асырады, бұл жергілікті өндірушілер үлесінің одан әрі қысқаруына әкеледі, ал, бюджеттің жоғалтқан қаржысы 700 млрд.теңгеге дейін жетеді.

Бұл мәселені шешу үшін көптеген елдер реттеу тетіктерін белсенді түрде енгізуде.

Мәселен, Еуроодақ 30 проценттік баж салығын енгізуді және қытайлық маркетплейстерді ҚҚС төлеушілер ретінде міндетті тіркеуді талқылап жатыр, бұл жергілікті және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік жағдайын теңестіреді. Үндістан шетелдік маркетплейстерге жергілікті компаниялармен серіктес болу және салық пен баж төлеу талаптарын енгізді, бұл түсімді арттыруға және жергілікті бизнесті қорғауға көмектесті, т.б.

Әлемдегі ең ірі өндірушімен көршілес жатқан Қазақстан үшін де отандық тауар өндірушілерді қорғау тұрғысынан да, бюджеттің кірісі, жұмыс орындарын сақтау тұрғысынан да ұлттық мүддемізді қорғайтын шешімдер қажет.

Осыған байланысты, «Ақ жол» депутаттық фракциясы ұсынады:

1) Шетелдiк маркетплейстердің Қазақстанның салық органдарында мiндеттi тiркелуі туралы талапты енгiзу.

2) Үндістан үлгісіне сүйене отырып, шетелдік маркетплейстер үшін қазақстандық платформалармен және өндірушілермен ынтымақтасу міндеттемесін енгізу мәселесін қарастыру;

3) Қазақстандық тұтынушылардан алынған табысқа ҚҚС және басқа да салықтарды міндетті түрде төлеуді енгізу;

4) Шетелдік сауда желілері арқылы жүзеге асырылатын бажсыз сауданың параметрлерін төмендету не жою мәселесін қарастыру;

 5) Отандық Е-коммерцияны және оның қатысушыларын мемлекеттік қолдаудың шараларын әзірлеу, оның ішінде халықаралық төлем жүйелерімен интеграциялау, қызметтер мен логистиканы ұйымдастыруға жәрдемдесу және т.б.

Тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту, контрабанда және жемқорлықпен күрес, көлеңкелі импортқа толыққанды салық салумен қатар бұл шаралар да - бюджет тапшылығын айтарлықтай қысқартып, Үкімет жариялаған көрсеткіштерді төмендетуге, салық реформасы айналасындағы дауды бәсеңдетуге ықпал етеді деп ойлаймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А. Перуашев

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

С. Ерубаев

Е. Бейсенбаев