ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР: ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
2025 ж. 17 ақпан
578
0

Заман талабына сай білім беру саласында инновациялық технологияларды пайдалану қажеттілігі артып келеді. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың танымдық және зияткерлік дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу аса маңызды. Осыған орай таяуда «Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Айгөлек» балабақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында«Мектепке дейінгі ұйымдарда танымдық зияткерлік дағдыларды дамыту саласында инновациялық технологияларды пайдаланудың тиімді жолдары атты семинар өтті.
Аудандық білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес өткізілген ауқымды шара «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Нұржігітова мен осы балабақшаның әдіскері Арай Құлбекованың ұйымдастыруымен өткізілді.
Аудандағы балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлерінің қатысуымен өткен осынау семинар педагогтардың озық іс-тәжірбиелерін таратуды, бөлісуді көздейді.
Іс-шараны Қарасай ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Бекетова ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Алғашқы сөздің кезегін «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Құмарқызы алып, инновациялық технологиялардың балабақша жұмысын ілгерілетуге қосар үлесі туралы атап көрсетті.
Семинар барысында «Ботақан» ортаңғы тобы (Кашарная Т.В.) – «В поисках сюрприза», «Балапан» ортаңғы тобы (Қазыбекова А.К) – «Геометриялық пішіндер», «Рауан» ересек тобы (Сейдашева Ж.А) – «Аққала бізде қонақта», «Сұңқар» мектепалды тобы (Эдиева И.В) – «Поможем Буратино», «Балауса» мектепалды тобы (Қойшыбаева Қ.Е) – «Қызықты математика» тақырыптарында қызықты ашық сабақ өткізіп, балалардың оқу-білімге деген ынтасын оята білді.
Ал балабақша психологы Үсенбай А. «Көтеріңкі көңіл-күй – жаныңа қуат береді» атты тренингін семинарға келген қатысушылар арасында ұйымдастырып бәріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Айгөлек» балабақшасы тәрбиешілерінің өткізген ашық ұйымдастырылған іс-әрекеттері балалардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілеттерін және зияткерлік дағдыларын дамытуға бағытталды. Сондай-ақ, бұл семинардың ерекшелігі – жаңашыл тәрбиешілердің әртүрлі жаңа технологиялар түрлерін қолдана отырып, білім сапасын арттырып, балаларға ойындар арқылы білім беру процесін қызықты әрі тиімді етіп ұйымдастыра білуінде еді.
Сондай-ақ бұл іс-шара мектепке дейінгі білім беру саласында жаңашыл педогогикалық көзқарастарды кеңінен насихаттау және тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды.
Семинар қатысушыларына «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, инновациялық технологияларды тиімді пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Басқосу барысында әрбір тәрбиеші жаңа білім мен тәжірибе алып, балалардың танымдық дамуын одан әрі арттырудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ, келген қонақтар өз қоржындарына көптеген жаңа ойын түрлерімен толықтырғандарын айта келіп, өз ризашылықтарын білдірді.
Бұл шараның маңыздылығы – педагогтардың кәсіби біліктіліктерін арттырып, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде жаңашыл әдістердің кеңінен қолданылуына ықпал етеді.
Осы орайда , «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Құмарқызы: «Жоғарыда атап өткеніміздей балабақша жұмысын жандандыруда, балаларымыздың ой-өрісін дамытуда инновациялық технологиялардың орны ерек. Дегенмен біз ұлттық рухы мықты ұрпақтың болашағы – жарқын, келешегі – кемел екенін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан да осы мәселеге мейілінше зор көңіл бөлуге тырысамын. Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп те келеді. Атап айтқанда, таңертең ерте біз балапандарымызды қазақтың күмбірлеген күйін қойып қарсы алуды үрдіске айналдырғанбыз. Сонымен қатар, таңғы жаттығу басталғанға дейін әуезді әннің шырқалып тұруы да балалар мен ата-аналарға керемет көңіл-күй сыйлайды. Таңды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған бала күні бойы сергек жүретіні де анық» дейді.
Сондай-ақ, балабақша меңгерушісі Айгүл Нұржігітованың жетекшілігімен өнерлі педагог-тәрбиешілерден «Айгөлек» ансамбльі құрылыпты. Әрбір іс-шарада ұлттық аспаптарда ойнап, қазақтың керемет әндерін нақышына келтіріп орындап жүр екен. Осындай өнерлі тәрбиешілердің тәлімін көрген бүлдіршіндер де өнерлі, талантты болуға ұмтылатыны анық. Осылайша балғындардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп келе жатқан ұжымның ісі көңіл қуантады.
Қорыта айтқанда, семинар балабақша тәрбиешілері үшін кәсіби даму мен білім беру сапасын арттырудың тиімді тәсілі. Алдағы уақытта инновациялық технологиялар мен ұлттық тәрбиені ұштастыра отырып балабақша ұжымы ауқымды істерді атқара бермек. Өйткені, инновациялық технологиялар – жарқын болашаққа бастар жол.
Алмира ТЕМІРЖАНОВА,
«Айгөлек» балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі