Павлодарда баланы сүндеттеген хирург жыныс мүшесінің үштен бірін кесіп тастаған

Павлодарда баланы сүндеттеген хирург жыныс мүшесінің үштен бірін кесіп тастаған

Павлодарда балалар хирургі бес жасар баланы сүндеттеу кезінде жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп, несеп шығару түтігін зақымдады деп айыпталуда. Бұл туралы Qostanay.TV CMN.kz сайтына сілтеме жасап жазды.

Оқиға 2023 жылдың тамыз айында болған. Сүндетке отырғызу бойынша жоспарлы операциядан кейін бала ауыр халде қалды. Ол шұғыл түрде елордадағы Ана мен бала орталығына жіберілді. Хирургке қатысты қызметтік тергеу басталып, ол операциядан шеттетілді.

Баланың анасы жергілікті kerek.pv телеграм арнасы арқылы жағдайды толық баяндап берген. Оның айтуынша, баланың жыныс мүшесінің үштен бір бөлігі кесіліп, зәр шығару каналы зақымдалған. Ол бұл жағдайдың дәрігерлік қателіктің нәтижесі екеніне күмәнданбайды. Кейін күдіктер расталды.

«Баланы сүндетке отырғызу кезінде жіберген қателігі үшін хирургке қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза тағайындалып, кейін екі ай мерзімге хирургиялық операциялардан шеттетілді. Артынша дәрігердің еңбек шарты өз өтініші бойынша бұзылды», - деп жазды pavon.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Кейін хирургтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Материалдар сотқа 2025 жылдың қаңтарында түскен және Павлодар сотының хабарлауынша, негізгі сот талқылауы басталғалы жатыр. Қазір алдын ала тыңдаулар жүріп жатыр. Дегенмен, бұл процесс балаға қатысты болғандықтан, жабық есіктер артында өтеді.