ҚазҰУ жас ғалымы Сиань университетіне ғылыми тағылымдамаға қабылданды
2025 ж. 15 қаңтар
70
0
ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің 1 курс докторанты Дамир Нүсіпов Сиань ғылым және технологиялар университетіне бір жылдық ғылыми тағылымдамаға қабылданды.
Бұдан бұрын екі университет арасында жасалған келесімшарт негізінде жас ғалымның жетекшілері бекітілді: ҚазҰУ-лық PhD Қуаныш Тастамбек және Сиань университетінің профессоры Liu Xiangrong.
Айта кетерлігі, былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев бастаған делегация ҚХР білім вице-министрінің шақыртуымен арнайы Қазақстан мен Қытай университеттерінің халықаралық ғылыми симпозиумына қатысты. Халықаралық шара барысында ҚазҰУ-дың ең үздік 40 ғылыми-инновациялық жобасы көрмеде таныстырылды.
Жасалған келісімдер нәтижесінде Сиань ғылым және технологиялар университетінің «Көмір биотрансформациясы» зертханасының меңгерушісі, профессор Лю Сянжун ханымның шақыртуымен ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің 1-курс докторанты Дамир Нүсіпов өзінің «Көмірдің биологиялық модификациясы: процесс және өнімде» атты докторлық диссертациясы аясында ғылыми тағылымдамадан өтуде. Қазақстан Республикасының жас ғалымы Сиань ғылым және технологиялар университетінде алғаш рет ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар жуырда Д.Нүсіпов физикалық химияны дамыту мақсатында Сиань қаласында «Шэньси провинциясының физикалық химиясын дамыту» бойынша Х конференциясына қатысты. Онда физикалық химияның ғылымның басқа салаларымен пәнаралық байланысын және интеграциясын нығайтуға, ғылыми тәсілдерді кеңейтуге, зерттеулердің инновациялық әдістерін енгізу мәселелері талқыланды. Д.Нүсіпов конференцияда баяндама жасаған алғашқы қазақстандық және шетелдік докторант болды. Оның қатысуы қазақстандық ғалымдардың жоғары дайындығын және олардың халықаралық ғылыми қауымдастыққа белсенді қатысуын көрсетті.
Қазақстан-Германия-Қытай серіктестігі негізінде құрылған Халықаралық қолданбалы микробиология зертханасы мен Сиань ғылым және технологиялар университетінің «Көмір биотрансформациясы» зертханасының ғалымдары 2025 жылға арналған халықаралық жоба грантын ұтып алды. Жоба аясында ҚазҰУ және Қытай ғалымдары бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, екі жақтың бакалавр, магистрант және докторанттарының тағылымдамадан өтуін іске асырады. Халықаралық жоба аясында ғалымдар Қазақстан мен Қытайдың төменгі сұрыпты көмірлерін зерттеп, олардың қоршаған орта мен экологияға зиянды әсерін азайту не төмендету жолдарын анықтайтын болады. Бұл жобаға Д.Нүсіпов те қатысады. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасындағы келісімдер аясында елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуға үлес қосудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.