«Орыс тілінде шала сөйлеп Қазақстанды ұятқа қалдырасыз»: «Болашақ» бағдарламасында дау туды

«Орыс тілінде шала сөйлеп Қазақстанды ұятқа қалдырасыз»: «Болашақ» бағдарламасында дау туды

Әлеуметтік желіде «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеуге қатысқан Жасұлан Темірбаевтің комиссия мүшелерімен сұхбаты кезінде қозғалған әңгіме қызу талқыланып жатыр. Темірбаев сол кезде «сіз орыс тілінде акцентпен сөйлегеніңіз үшін Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзді естігенін мәлім етті. Ол үміткер ретінде себепсіз іріктеу кезеңінен өтпей қалғанын, комиссия құрамында спорт пен медицинадан хабарсыз тұлғалар отырғанын айтады.  

Ulysmedia.kz порталы Жасұлан Темірбаевтің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын ғылым және жоғары білім министрлігінен, халықаралық бағдарламалар орталығынан сұрап көрген екен.

Үміткердің сөзінше, комиссия мүшелері ағылшын тілін емес, орыс тілін маңызды санаған. Бұл тұста тағы бір басты мәселе бар. 

Мен «Болашақ» стипендиясына дайындайтын ұйым арқылы тапсырдым. Менің тобымда тоғыз адам болды. Қатарымдағы үміткерлердің ішінде ағылшын тілін ең жетік меңгергені мен едім. Ағылшыншасы жүйрік адамды емес орыс тілін білгендерді өткізді. Бұл жерде ойландыратын ең маңызды мәселе осы. Алдағы уақытта дәл осы сұрауға жауап талап етпекпін, - дейді ол.

Жасұлан Темірбаев қазақ орыс тілінде акцентсіз сөйлеу керек дегенді алға тартып тұрғаны шамына тиетінін жеткізді. Өзі кейбір адамнан «Болашақ» қорында үміткерді психологиялық тексеруден өткізетінін естіген. Тілге қатысты ауыр сөзді сондай сұрақтардың бірі деп ойлаған. Үміткер комиссия мүшесінің «психологиялық тексеруіне» «ана тілім болмағандықтан қателіктер болатын шығар, бірақ мен ғылыми тілде орыс тілінде оқып, аудара аламын» деп жауап берген. Жасұлан орыс тілін қарым-қатынас тілі деп есептейді әрі барлық сұраққа кәсіби деңгейде нақты жауап бере алғанына сенімді.

Осы орайда, ғылым және жоғары білім министрлігі «сұхбат қорытындысында комиссияның 4 мүшесі оның кандидатурасын «Болашақ» стипендиясына ұсынбауды қолдап, 1 мүше оны қолдағанын» жазды. «Қазақстанның кез келген азаматы егер ол «Болашақ» стипендиясын беру ережелеріне сәйкес келсе, 2025 жылы халықаралық «Болашақ» стипендиясын алу конкурсына қайта қатысуға құқылы» деп жауап берді. Алайда тілге қатысты Темірбаевтің дауы жөнінде министрлік ешқандай ақпарат бермеді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» министрлікке үміткерлерді іріктеу барысына мониториң жүргізіп, «ешқандай бұзушылықтар анықталмағанын» хабарлаған. Жасұлан Темірбаевтің «Болашақ» стипендиясын алу конкурсына қайта қатысуға құқылы екенін жеткізген.

Коллаж: Ulysmedia.kz