ҚазҰУ ғарыштық технологияларды дамытуда

ҚазҰУ ғарыштық технологияларды дамытуда

     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ елімізде бірінші болып механика-математика факультетінің Механика кафедрасында «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығын ашты. 2012 жылы Токио университетімен шағын ғарыш аппараттарын құру саласында кадрларды бірлесіп даярлау туралы меморандумға қол қойылды. 

          Бүгінде ҚазҰУ есебінде Al-Farabi сериясының екі рет ұшырылған наноспутнигі бар. «Al-Farabi-1» наноспутнигі деректерді жинауға (телеметрия) және оны жерүсті қабылдау және деректерді өңдеу пунктіне беруге арналған. Жобаның негізгі миссиясы – университет наноспутнигін пайдалануға беру және одан деректерді қабылдау-беру технологиясын пысықтау. Наноспутниктің негізгі ішкі жүйелері мен компоненттері Берлин техникалық университетінде жасалған. Антенна жүйесі ресейлік «Спутникс» компаниясының мамандарымен бірлесіп жасалған. Наноспутникке арналған бағдарламалық жасақтаманы ҚазҰУ мамандары мен студенттері жазған. «Al-Farabi-1» наноспутнигін ұшыру 2017 жылдың 15 ақпанында PSLV зымыран тасығышының көмегімен Шрихарикоттағы (Үндістан) ғарыш айлағынан жүзеге асырылды.  

          2018 жылы Elon Mask ұшырған екінші наноспутник SpaceX осы күнге дейін штаттық режимде жұмыс істейді. ҚазҰУ Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінде ғарыш технологиялары, Жерді қашықтықтан зондтау, сондай-ақ наноспутниктерді әзірлеу саласында қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізуге арналған мамандандырылған зерттеу жабдықтары бар. «Al-Farabi -2» университеттік наноспутнигі ғылыми-білім беру мақсатында пайдалануға арналған. 

Ғарыш-Жер және Жер-ғарыш бағыттары сигналының орталық жиілігі шағын ғарыш аппараттарын пайдалану үшін Қазақстан Республикасының радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы тарапынан ҚазҰУ үшін бөлінген 430-440 МГц диапазонында орналасқан. Наноспутник SpaceX компаниясының көмегімен Ванденберг ғарыш айлағынан (АҚШ) ұшырылдыі.        

Наноспутникте қуат модульдері, борттық компьютер және пайдалы жүктеме бар. «Al-Farabi-2» наноспутнигі нақты уақыт режимінде Жердегі станцияның үстінен ұшып өтіп, оған жиналған және жазылған орбитаның белгілі бір уақытының барлық деректерін (mode bus protocol ұқсастығы бойынша сұрау алгоритмі) жібере алады. Сонымен қатар наноспутник деректерді сандық форматта, сәлемдесу сөздері, телеметрия, поэзия және басқа мәліметтер түрінде жібереді. Сигналдар мен деректерді алу, командаларды беру ҚазҰУ қабырғаларында әзірленген жерүсті интерфейсі арқылы жүргізіледі.

          2022 жылы Түркістаннан 50 шақырым жерде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екі ультра заманауи наноспутнигі ұшырылды. Бұл эксперименттік сынақ UniSat білім беру хабын Қазақстан-ЮНИСЕФ-пен бірлесіп ашу аясында өтті.

     ҚазҰУ Инженерлік және ғылымды қажет ететін технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев айтқандай, жобаны жетілдіре отырып, ҚазҰУ ғалымдары болашақта UniSat спутнигін ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр.