Елімізде толық циклді өнеркәсіптік батареялар шығаратын алғашқы зауыт Жетісу облысында ашылды
2024 ж. 06 желтоқсан
956
0
Бүгін Жетісу облысының Талдықорған қаласында толық циклді өнеркәсіптік батареялар шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорын ашылды. Озық заманауи технологиялардың көмегімен өндірілетін батареялар мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, темір жолдарда, энергетикада кеңінен қолданылады. Сол сияқты жасыл энергетикада, атап айтқанда, күн, жел электр станцияларынан алынатын электр энергиясын сақтауда үздіксіз қуат көзі ретінде пайдаланылады. Өнімнің 40% отандық нарыққа, 60 % экспортқа бағытталған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, көпшілікті құттықтады:
- Бүгін біз Қазақстанда баламасы жоқ жаңа зауыт – «Asma Industrial» ЖШС ашып отырмыз. Оның бірегейлігі сол, әр түрлі салаларда кеңінен қолданылатын толық циклді өнеркәсіптік аккумуляторларын шығарады. Бұл инвестициялық жобаның іске асырылуы облысымыз үшін өте маңызды оқиға деп есептеймін. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті мемлекеттік қолдау көрсеттік. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 260 млн. теңге сомасына инженерлік желілер тартылды. Компания өз саласындағы инновациялық көшбасшы ретінде өз мәртебесін нығайтып, Мемлекет басшысы қойып отырған өндірістік саясатты алға бастыру міндетін іске асыру жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенеміз, - деді Б.Исабаев.
Зауыт директоры Серікбай Ажмағамбетовтің айтуынша, жобаның құны – 8,5 млрд. теңге. Зауыт жылына 210 мың дана өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс толық қуатына шыққанда, жұмыс орындарының саны 180-нен асып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте зауыт өнімінің бір бөлігі экспортқа жөнелтіліп, бір бөлігі жергілікті нарыққа шығарылады.
- Осы жобаны 2021 жылдан қолға ала бастадық. Содан бері бізге қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтардың бәріне алғысымды білдіремін. Біздің ұжымымыз жас, енді қалыптасу үстінде, қажетті кадрларды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандарымыздың көпшілігінің осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Ал жас мамандарды процесс барысында оқытып, үйрететін боламыз. Өнімдерімізге сұраныс бар, бұл ретте іргелі компаниялармен келісімдер жасалуда, - деді С. Ажмағамбетов.
Жаңа зауытқа жұмысқа тұрғандардың арасында талдықорғандық Дастан Қанатқанов та бар. Ол қазір қорғасын пластинкаларын құю цехының бастығы қызметінде.
- Өндіріс саласында жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдай болды. Қазақстанда мұндай зауыт біреу-ақ, сондықтан осы бірегей кәсіпорында жұмыс істеп, кәсіби дамуымды жалғастыру мен үшін өте маңызды. Біздің зауытта Корея технологиясы қолданылады, бұл шығаратын батареялар аса күрделі салаларда - тау-кен, теміржол, телекоммуникация салаларында қолданылады. Кез келген өңірдің қуатты іргетасы – ондағы ірі өндіріс орындары. Яғни салық түсімі молайып, сол арқылы аймақта инфрақұрылым жақсарады, жол, су, жарық, газ сияқты халыққа керекті жағдайлар жасалады. Сондықтан бұл жаңа зауыттың облыстың дамуына қосатын үлесі мол болады деп сенемін, - деді.
Атап өтсек, Жетісу облысының өнеркәсіп өндірісінде 549 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 14-і ірі, 13-і орта кәсіпорын, онда 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылдың 10 айында 3,9% өсіммен 278,8 млрд. теңге өнеркәсіптік өнім өндірілді.