Алматыда 2025 жылы ірі ағаштарды отырғызу бойынша ауқымды жұмыс басталады
2024 ж. 05 желтоқсан
586
0
2025 жылы Алматы қаласының аумағында үш деңгейлі көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс басталады. Бірінші деңгейде көгалдар мен гүлзарлар, екінші деңгейде бұталар мен сәндік өсімдіктер, ал үшінші деңгейде ірі ағаштар отырғызылады.
2025–2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы Мәслихат сессиясында қаралады. Бұл туралы қалалық Мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, шамамен 17 мың ірі ағаш отырғызу жоспарланған, оның ішінде 15 мың ағаштың биіктігі 4 метрден асса, 2 мың ағаштың биіктігі 6 метрден асады.
Отырғызу жұмыстары магистральды көшелер бойында, саябақтарда, скверлерде, бульварларда және басқа да қоғамдық орындарда жүргізіледі. Мұндай тәсіл тығыз қоныстанған аудандарда көлеңке мен жасыл аймақтарды тезірек құруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында ағаштарды отырғызу мен күтіп-баптаудың заманауи әдістері қолданылатын болады. Отырғызудан кейінгі алғашқы екі жылда жүйелі күтім жасалады: тамшылатып суару, автоматтандырылған суару жүйелерін орнату, сондай-ақ ағаштар мен бұталарды жергілікті жағдайларға бейімделген минералды тыңайтқыштармен қоректендіру қарастырылған. Бұл олардың жерсінуін жеделдетеді.
Көгалдандыру экологиялық жағдайды жақсартуға және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған. Ірі ағаштарды отырғызу жасыл инфрақұрылымды қалыптастыру уақытын қысқартып, қала тұрғындары үшін жайлы жағдай жасайды.