Оқырманның танымын арттырған тарихи кеш
2024 ж. 26 қараша
299
0

Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Арыс ауданы, Қожатоғай ауылында ел арасында Жүсіпбек Қожа атымен танылған ақын, жыршы, ауыз әдебиетін жинаушы Жүсіпбек Шайхысыламұлының туғанына 170 жыл толуына орай «Жеті ғашықтың тарихы» атты іс-шарасы өтті.
Шараны Қожатоғай ауылының әкімі Елшібеков Зәкірқожа Үсенұлы, Майлықожа атындағы жалпы орта мектебінің директоры Алтынбек Айтбек Арынбекұлы, ҚР Мәдениет майталманы, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Нәльтаева Пернекүл Сейтбекқызы және Арыс аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Адилбекова Айжан Турмакаматқызы ашып, жиналған көрерменге Жүсіпбек Шайхысыламұлының өнегелі өмірінен деректер айта кетті.
Кеш спикері Сарыағаш ауданының тұрғыны түрлі зерттеулер мен кітаптар жазған Жүсіпбек-қожа Шайхысламұлын зерттеп, нәтижесінде көп томдық кітабын жазып шығарған Сейіт-Омар Саттаров кейіпкер жайлы тың ақпараттармен бөлісті. Жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов арнауын жиналған көпшілікке паш етті. Қазақстар Республикасы Журналистер Одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның Еңбек сіңірген қызметкері, Білім және Ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төс белгі иегері Өтебаева Несіпкүл Мейманханқызы өз кезегінде аталған кештің маңызы, көрерменге берер тағылымы жайлы сөз қозғады.
Кеш мектеп оқушыларының, ауылдық мәдениет қызметкерлерінің және кітапхана оқырмандарының орындауындағы өлең, әнмен жалғасты. Қатысушыларға және спикерлерге кітапхана директорының атынан арнайы алғыс хат табысталып, сый-құрмет көрсетілді.
Осы орайда оқырман қауымға ұғынықты болуы үшін ақын, жыршы Шайқысламұлы Жүсіпбек турасында толығырақ мағлұмиат бепруді құп көрдік.
Атап айтқанда, Жүсіпбек қожа (1857, Отырар ауданы Қожатай мекені – 1937, Шыңжан өлкесі, Іле Қазақ автономиялы облысы Текес ауданы Шиеліөзек ауылы) – ақын, аудармашы, қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы, насихаттаушы, жыршы.
Ауыл молдасынан оқып, кейін медреседе білімін жетілдірген. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін толық меңгерген. Оқуын аяқтаған соң ақындық, серілік жолға түсіп, ел аралайды. Сыр сүлейлері мен Қаратау шайырларымен, Сарыарқа мен Жетісудың ақын-жырауларымен жүздеседі. Олардың шығармаларын жазып алып, ел ішінде насихаттаған.
Шығыс тілдеріне жетік ақын олардың классикалық әдебиетін, фольклорлық туындыларын оқыған. Фирдоуси, Хафиз, Жәми, Физули, Науаи жырларымен жете танысқан. Ол XІX ғасырдың 90-жылдарынан бастап Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент баспаханаларында қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын, Шығыс сюжетіндегі қисса-дастандарды бастыру ісін қолға алады. «Қыз Жібек» (1900, 1903, 1905, 1908, 1909, 1910, 1911), «Айман – Шолпан» (1896, 1901, 1913, 1916), «Сара қыз бен Біржан салдың айтысы» (1898, 1900, 1901, 1902, 1907), «Алпамыс» (1899), «Кенесары-Наурызбай» (1903), т.б. ұлттық фольклордың асыл мұралары мен «Сал-сал», «Зарқұм», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», т.б. шығыс сюжетіндегі хисса-хикаяттар Жүсіпбектің бастыруымен алғаш рет жарыққа шықты. «Мың бір түн», «Кербаланың шөлі», «Тотының тоқсан тарауы», «Дариға қыз», «Қасым Жомарт», т.б. аңыздардың мазмұнын өз бетінше жырлады. Жүсіпбек хисса-дастандар жазумен қатар айтыстарға да қатысқан. Оның Шөкей (Уәзипа) қызбен, Жалайыр Бақтыбаймен айтысқаны белгілі. Алғашқы айтыстары жеке жинақ ретінде басылып (1897, 1910), кейін «Айтыс» томдарына (1964, 1965, 1988) енгізілді.
Жүсіпбек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, кейін жеңіліс тапқан халықпен Қытай еліне қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол өлкеде тұрақтап қалып, бала оқытумен, емшілікпен шұғылданады.
Өмірі мен шығарм. туралы «Қазақ совет энциклопедиясы» (4-т., 1974), «Ақын-жыраулар» (1979), «Үш үзік» (1993), «XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994) жинақтарында жазылды. Ақынның төл туындылары мен басылым көрген хисса-дастандарының қолжазбалары Қазақстан ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының сирек қоры (ОҒҚ, 170 д. 546, 570-бумалар) мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба орталығында (Ә-И, 901, 121-бумалар) сақталған.
qazaquni.kz