ТҮРКІСТАНДА ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫНЫҢ 75 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ ӨТТІ
2024 ж. 21 қараша
158
0
Түркістанда ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Өмірін өлеңімен өрнектеген Ханбибі» әдеби-сазды кеші өтті. Шығармашылық кешті жүргізу үшін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов жүргізді. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады.
– Қасиетті Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі өнер кешінің маңызы жоғары деп есептеймін. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа ғасырдағы жылнамасын жазуға атсалысып, елдің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары, қаламгерлер аз емес. Сол тұлғалардың қатарында Ханбибі апамыздың орны ерекше. Өздеріңізге белгілі, қазір Түркістанда руханиятқа, өнерге айрықша көңіл бөлінуде. Жаңа өнер ұжымдары құрылып, өңірімізден шыққан тұлғалардың шығармашылық кештері өткізіліп жатыр. Соның айқын дәлелі – бүгінгі өнер мерекесі. Сіздің қазақ өнеріне, ел руханиятына береріңіз мол. Шығармашылық қуатыңыз артып, елдің игілігі жолындағы барлық бастамаңыз жемісті болсын, – деген Ертай Кенжебекұлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан құттықтау хат табыстап, құрмет көрсетті.
Алдымен қатысушылар арнайы жасақталған кітап және фото көрмеден Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығымен танысты. Содан соң үлкен сахнадан «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Жаңа леп» ұжымы сахналаған «Өмірге ғашық жүрекпен» сазды-поэтикалық қойылымды тамашалады. Кеш иесі өлең оқып, оқырман қауымға алғысын білдірді.
Кеш барысында қаламгерлер мен аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері әнші, композитор Құралай Сәтмұхамбетова, «Құрмет» орденінің иегері Хадиша Шалабаева, Мәдениет саласының үздігі Гүлмира Қалыбекова ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Поэтикалық қойылымдар да көптің көңілінен шықты.
Айта кетейік, әдебиет – ұлттың жаны, рухы, бар бітім-болмысын айшықтап тұратын ерекше құбылыс екені белгілі. Ханбибі Есенқарақызы – қаламның қуаты арқылы қазақ әдебиетінің маңдайалды қаламгеріне айналып үлгерді. Саналы ғұмырын шығармашылыққа арнап, қазақ әдебиетінің қайталанбас туындыларын жарыққа шығарды. «Нурикамал», «Алтынай» сияқты туындылары талай жалынды жастың сезімін тербеп, ел жүрегінің төрінен орын алған.