Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті
2024 ж. 07 қараша
675
2
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті. Бұл туралы Барменқұлов бүгін федерацияның кезектен тыс жиынында мәлімдеді.
Әділет Барменқұлов ҚФФ-ға 2022 жылы президент болып сайланған еді. Ол бұл қызметте Әділбек Жақсыбековті алмастырған болатын.
Соңғы уақытта футбол федерациясы жиі сынға алынды.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қарашаның 6 күнгі "ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫ ХАЛЫҚҚА ЖҰМСАЛУЫ ТИІС!" атты депутаттық сауалында федерация жұмысын қатаң сынға алған болатын. Аталмыш сауал қоғамда үлкен резонанс тудырды.
- Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтатату керек! - деп мәлімдеді депутат.
Депутат Қазыбек Исаның спорт саласын, футбол федерациясын сойған депутаттық сауалын 26 депутат қолдап, қол қойды!
Аталмыш депутаттық сауалда кезіндегі лигионерлер шеруін тоқтату туралы талабын да еске салды.
- Біз бұған дейін бірнеше рет спорт саласы, оның ішінде футболға кетіп жатқан сансыз миллиардтар туралы депутаттық сауал жасадық. 2021 жылы жасаған сауалымыз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақ қазынасы арқылы байып жатқан шетел легионерлері шеруін тоқтату туралы талабымыз да қоғамның қатты қолдауына ие болған еді. Өйткені сол кезде тек премьер-лиганың 150 футболшысы, яғни 40 пайыздайы шетелдіктер еді. Тіпті, бірінші лигада да 16 легионер бар еді...
Ал биылғы 2024 жылғы Парламенттегі спорт туралы заң жобасы таныстырылымында Ұлыбритания, Франция, Германия тб дамыған елдер, тіпті көршіміз Өзбекстан да 17-18 спорт түрін ғана қаржыландырса, біздің Қазақстан олардан 10 есе асып түсіп, 180 спорт түрін қаржыландыратыны, яғни, министрліктің спортты сауын сиыр етіп алғаны туралы көтерген мәселеміз де көптің қолдауына ие болған-тұғын, - деді депутат.
Бір қуанарлығы, қазір Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасында осы легионерлерді тоқтату мен 180 спорт түрін қысқарту секілді бірқатар мәселелер оң шешілетін болды.
Ол сондай-ақ бұған дейін мемлекеттік тілде қойылған сұраққа жауап беруден бас тартқан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовты де қатаң сынға алған.
"БІЗ ЧЕРЧЕСОВКЕ 640 МИЛЛИОНДЫ ҰТЫЛҒАНЫ ҮШІН, ТІЛІМІЗДІҢ ТҰТЫЛҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕП ЖАТЫРМЫЗ БА?" атты Қазыбек Исаның мақаласы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде жарияланды.
Қазақстанда мемлекеттік тіл орыс тілі де, осетин тілі де емес – қазақ тілі. Қазақстанға келіп айтпай, осетин тілінде алдымен Мәскеуде сөйлеп алсын. «Аудармашы федерация президенті болды» дейді, Қазақстанға келген соң аудармашыны өзі жалдап алсын. Бұл – бір. Екіншіден, кезінде министр, вице-министрлерді алып келіп, олар мемлекеттік тілді білмей тұрған кезде, «осы қызметке оны кім қойды, сол аудармашы болсын» деп талай жазғанмын. Сол секілді Черчесовті кім шақырды, ол министр ме, вице-министр ме, әлде федерация президенті Әділет Барменқұлов па, солар аудармашы болсын.
Енді, міне, даудан басы арылмаған ҚР Футбол федерациясы президенті орнынан кетті!