Бөлекпаев жылыту маусымына дайындық туралы есеп берді
2024 ж. 06 қараша
174
0
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелеріне арнайы тоқталды.
Әкімнің айтуынша, қазір жылумен қамту бойынша жалпы құны 31,5 млрд. теңге болатын 14 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде қала халқының 70 пайызы тұратын Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында 17 шақырым магистральдық жылу желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл шаралар жылумен жабдықтауды жақсартуға және желінің тозуын 64,4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қарағандыда үшінші жылу көзін салу арқылы жылу қуатының тапшылығы мәселесі шешілді. Бұл – соңғы 30 жылдағы өңірдегі ең ірі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жобасы. Жылу магистралі қазан айында іске қосылды. Алдағы 7 жылда үшінші жылу көзі іске қосылып, 1,2 миллион шаршы метрді, яғни 20 мыңнан астам жаңа пәтер жылумен қамтамасыз етеді.
Бұған қоса, әкім Саран қаласындағы жағдай туралы айтып өтті. Бұған дейін қаладағы жылыту жүйесінде ақаулық табылғаны белгілі. Қазір Саран қаласында орталық қазандық іске қосылып, тұрғындардың үйлеріне жылу орталықтандырылған жылу пунктінен де, резервтік жергілікті қазандықтардан да берілуде. Жалпы, бұған дейін Саран қаласында орталықтанған жылыту жүйесі болмағанын айта кету керек. Орталық қазандық енді шағын аудандарды ғана емес, «Saran» индустриалды аймағын да жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.