QS пре-саммитінде әлем ректорлары бас қосты

QS пре-саммитінде әлем ректорлары бас қосты

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммиті өтті. Халықаралық шара QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. 

 Жиынға QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ЕАЭО елдеріндегі клиенттермен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық директоры Сергей Христолюбов қатысты. Сонымен қатар 150 мемлекеттен, атап айтқанда Қытай, Жапония, Индонезия, Үндістан, Малайзия, т.б. өзге елдерден келген 350-ге жуық ЖОО ректорлары, халықаралық сарапшылар және қазақстандық жоғары білім басшылары қатысты.

Шараны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек», – деп атап өткен болатын. Бүгінде жаhандық экономиканы дамытуда университеттік ғылым маңызды рөл атқаруда. Жаһандық трендтер мен заманауи сын-қатерлер жоғары білімнің дамуын айқындайды. QS – әлемдегі университеттердің көрсеткіші мен нәтижесін көрсететін ең беделді халықаралық рейтингтердің бірі. Сондықтан білікті маман даярлауда, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуде озық тәжірибелерді жетілдіріп отыру қажет», – деді ректор.  

Өз кезегінде QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман шараның Қазақстандағы көшбасшы университет – ҚазҰУ-да өтіп жатқанының маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде пре-саммит білім беру сапасын жақсартуға және ресурстарды жұмылдыруға бағытталған негізгі үрдістер мен стратегияларды анықтауға мүмкіндік беретін озық тәжірибелер мен идеялармен алмасу алаңы болатынын атап өтті.

  «QS пре-саммитін Қазақстанда, соның ішінде көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатқанына қуаныштымын. Жаһандық мәселелерді жалғыз шеше алмаймыз, барлығымыз бірге жұмыс істеуіміз маңызды. Бүгінгі іс-шара әлемдегі университет ректорларының басын қосып, жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық деңгейдегі мәселелерді шешуге мұрындық болып отыр. QS рейтингі барлық ЖОО-лардың бір-бірімен тығыз жұмыс істеу, академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту, ғалымдардың тәжірибе алмасу, әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарын жандандыруға серпін берді», – деді Джейсон Ньюман.

 Пленарлық отырыста Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізді. Өз сөзінде Президент кеңесшісі отандық ғылым мен білімді дамыту мәселесі тікелей Мемлекет басшысының бақылауында екенін баса айтты. 

«Президентіміз «Озық ойлы ұлтқа айналуымыз керек» деген негізгі мақсатты Ұлттық құрылтайда айқындап берді. Ғылым мен жоғары білімді дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Жоғары білім инновациялық және тұрақты экономиканы құруға, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Білікті мамандардың білімі мен дайындығына қатысты мәселелер халықаралық ынтымақтастықты, диалогты және тәжірибе алмасуды талап етеді. Пре-саммит Азия-Тынық мұхиты аймағында және одан тыс жерлерде білім беру жүйесін жетілдіруге, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған», – деді Мәлік Отарбаев.

 Іс-шара барысында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық университеттердің жоғары білім мен ғылым саласын дамыту бағытында жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Министр QS әлемдік рейтингіне қазақстандық 21 жоғары оқу орны қатысатынын және жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. 

«Бүгінде Қазақстан ЖОО-лары әлемдік университеттермен серіктестікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Біз өзгерістерге жақын болуымыз қажет. Бұл университеттердің беделін арттыруға мол мүмкіндік береді. Биылғы оқу жылында 30 мыңға жуық шетелдік студент Қазақстанға оқуға келді. Соңғы екі жылмен салыстырғанда 10 мың студентке көп. Әлемде ауқымды үш рейтинг бар. Ең маңыздысы – QS халықаралық рейтингі. Бұл рейтингке Қазақстанның 21 университеті қатысады. Соның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отандық университеттер арасында көш бастап, 163-орында тұр. Биыл министрлік тұңғыш рет отандық ұлттық университеттердің рейтингін жасап шығарды. Бұл әлемдік рейтингтердің сарапшыларымен бірлесіп дайындалды. Яғни ұлттық рейтингте көрсеткіші жоғарылаған ЖОО-лардың QS жаһандық рейтингіндегі орны көтеріледі. Аталған ұлттық рейтинг елімізде алғаш рет қолға алынды», – деді Саясат Нұрбек.  

Пленарлық отырыс «Білім беру саласына жаһандық мақсаттарды интеграциялау», «Жаһандық байланыстар», «Навигациялық технологиялар: жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер» тақырыбына арналған секцияларда жалғасты. 

Шара соңында Сергей Христолюбов сөз сөйлеп, QS World University Rankings 2025 рейтингінде жоғары орын алған бірқатар қазақстандық университеттерді марапаттап, арнайы сертификаттар табыстады.

Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммиті алдағы 5-7 қараша күндері Макао қаласында жалғасады. Қорытынды жиын ретінде QS пре-саммиті 8 қарашада Гонконгта өтеді деп жоспарланған.