ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ БІРЛІК НАСИХАТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
2024 ж. 22 қазан
266
0
Түркістан қаласындағы Достық үйінде 18 қазан – Рухани келісім күніне орай, облыстағы діни конфессия басшыларының қатысуымен кездесу өтті.
Рухани кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысты. Ол діни конфессия жетекшілерімен танысып, дін саласы бойынша пікір алмасты. Ел бірлігі мен дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады.
– Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдан астам мерзімде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі еліміздің бастамасымен Қазақстанның елордасы Астана қаласында тұрақты өтіп жүр. Түркістан облысында да түрлі конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Кезінде Орта Азияның діни әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласы елді бірлікке шақыратын миссиясын жалғастыра береді, – деді Е.Кенжебекұлы.
Қабылдау соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
Атап өтейік, 18 қазан – Рухани келісім күні. Бұл күн Қазақстанда дүниежүзілік деңгейдегі теңдессіз оқиға – рухани келісімнің алғашқы әлемдік конгресі өткен 1992 жылдан бастау алады.
Алматыда барлық діндердің өкілдері, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бас қосып, манифест қабылдап, 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға шақырды.
Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі – тәуелсіз мемлекеттің басты құндылығы, оның маңызды қағидасы – азаматтардың діни сезімдерін құрметтеу. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен конгрес Елбасының бітімгершілік идеяларына жол ашты. Олардың арасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ерекше орын алады.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз», – деген болатын.
Елбасы кітапханасы Рухани келісім күніне орай бейнеролик дайындады, оның мақсаты – еліміздің одан әрі табысты дамуы үшін көпұлтты Қазақстан халқының рухани құндылықтарын нығайту.