Бізге құлқы үшін емес, халық үшін қызмет ететін судьялар керек - пікірлер
2024 ж. 06 қазан
596
0
Елдегі сот жүйесіне қатысты мәселелер қашанда халықты толғандырып келеді. Өйткені құлқы үшін емес, халық үшін қызмет ететін судьялар әділдік іздеген қараша халық үшін аса маңызды. Елордада өткен Қазақстан Республикасының ІХ судьялар съезінде сот жүйесіне қатысты түйткілдер талқыланды. 500 ден астам сот жүйесінің мамандары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері және халықаралық сарапшылар ой-пікірлерін ортаға салды.
Басқосуда айтылған ұсыныстардың дені сот билігінің әділ, әрі мінсіз болуына бағытталған. Бұл - халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іс жүзінде орындалуының бір көрінісі. Сол себепті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғысөзін әділдіктен бастады. Мемлекет басшысы жиналған мамандарға халықтың қорғаны болу керегін айтты.
«Әділ сот мемлекеттің тірегі, сондықтан сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуға тиіс. – Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аударды. Елдегі жаңалық, келер жылдың 1 шілдесінден бастап кассациялық сот өз жұмысын бастайды. Сондай ақ сот саласын цифрландыру жұмыстары қарқындай түседі, яғни жасанды интеллекет енгізілетін болды. Сот саласындағы өзгерістерге қатысты ел азаматтары өз пікірлерін білдіріп жатыр.
Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:
Қазақстан Республикасы судьяларының 2024 жылғы 4 қазандағы IX съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше маңызды аспектілерге назар аудара отырып, елдің сот жүйесі үшін негізгі басымдықтарды белгіледі.
Біріншіден, бұл кассациялық соттарға қатысты реформалар. Тоқаев 2025 жылдың шілдесінен бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық сот жұмыс істей бастайтынын атап өтті. Бұл жаңалық сот практикасының біркелкілігі мен әділ сот төрелігін қамтамасыз ету арқылы сот төрелігінің қолжетімділігін жақсартуы және Жоғарғы Соттың жүктемесін азайту мақсатындағы қадам.
Екіншіден, сот жүйесін цифрландыру. Президент цифрлық технологияларды енгізу азаматтардың сот процестеріне қатысуын жеңілдетіп, олардың ашықтығын арттырғанын атап өтті. Осылайша, жалпы мәліметтер базасын құру және сот шешімдеріне онлайн қол жеткізу сияқты технологиялық шешімдер даулы істер мен сот процестерін азайтуға көмектесуі тиіс.
Үшіншіден, сот процестерінің ашықтығы. Тоқаев сонымен қатар сот отырыстарын онлайн форматта таратудың оң тәжірибесіне назар аударды. Бішімбаев ісі бұған қосымша дәлел дер едім. Мұндай ашық соттар азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады және қоғамдағы құқықтық сананың өсуіне ықпал етеді.
Және төртіншіден, судьялардың тәуелсіздігі мәселесіне ден қойылды. Реформалардың маңызды аспектісі судьялар корпусының тәуелсіздігін нығайту болып табылады. Президент Жоғарғы Сот жоғары этикалық стандарттарды сақтау қажеттілігін атап өтіп, судьялардың бейтараптығы мен кәсібилігін қамтамасыз етуі керек екенін баса айтты.
Жалпы, Тоқаевтың съезде сөйлеген сөзі сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және судьялардың тәуелсіздігін арттыруға бағытталған, бұл Қазақстанда құқықтық мәдениет пен сот төрелігінің қолжетімділігін жақсартуға ықпал етуі тиіс деп есептеймін.
Әкежан Кеңесов, Алматы қалалық Жастар Рухы Жастар қанатының төрағасы:
Судьялар съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінде сот жүйесінің дамуы мен жаңғыруы, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету, және құқық қорғау саласының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы айтылған мәселелер өте маңызды. Менің пікірімше, аталған сөздер сот жүйесінің тиімділігін арттыру мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, сот жүйесінің ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету қажеттігін ерекше көрсетті. Бұл бағыттағы ұсыныстар, әсіресе заманауи технологияларды енгізу және электронды сот ісін жүргізу жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану, қоғамның сотқа деген сенімін арттыру үшін аса маңызды. Азаматтардың сот процесіне қатысуын қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылықты көтеру – сот жүйесін жаңғыртуда негізгі рөл атқарады.
Мемлекет басшысы жастарды құқық қорғау саласына тарту мен сот қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мәселелерін де көтерді. Бұл біздің еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызды, себебі жаңа буын судьялары мен құқық қорғаушылардың тәрбиеленуі құқық қорғау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Салаға енген жаңа өзгерістер, нормалар азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Мәселен бүгінгі таңда сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл жақсы үрдіс.
Әрбір судья мен құқық қорғаушы осы өзгерістерді жүзеге асыруда жауапкершілікті сезініп, бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Тек осылай ғана әділ сот төрелігін қамтамасыз ете аламыз.
Сондықтан, біз үшін, сот қызметкерлері мен құқық қорғаушылар үшін, маңызды бағыттарды анықтап, келешекке деген сенімді арттыруымыз қажет.
Абай Ергешов, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз:
2024 жылғы 4 қазанда өткен Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына жаңа серпін берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ сот жүйесіне қатысты айтқан пікірлері әрбір азамат үшін маңызды әрі өзекті.
Президенттің атап өткеніндей, әділ сот – мемлекеттің тірегі. Заң мен тәртіптің үстемдігі елде тұрақтылық пен даму үшін шешуші фактор болып табылады. Сот органдарының азаматтардың негізгі қорғаны болуы керектігі – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.
Съезде көтерілген сот реформаларының нәтижелері, атап айтқанда, Конституциялық соттың құрылуы мен кассациялық соттардың енгізілуі – еліміздегі заң үстемдігін нығайтуға бағытталған бірқатар жаңашылдықтардың бастамасы. Бұл шаралар азаматтарға сот төрелігіне қолжетімділікті арттырып, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Президент цифрландыру мен онлайн сот процестерін енгізу арқылы сот қызметінің тиімділігін арттыру қажеттілігін атап өтті. Бұл бастамалар азаматтардың сот процесіне қатысуын жеңілдетіп, сот қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мұндай инновациялар халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға үлкен үлес қосады.
Сот мамандарын іріктеу мен олардың этикалық нормаларды сақтауын қамтамасыз ету – заң жүйесінің тұрақтылығын арттыру үшін аса маңызды. Президенттің соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейту туралы ұсыныстары да бұл бағыттағы қажетті шараларды белгілейді.
Мемлекет басшысы судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауды қолдады. Бұл құжат сот жүйесінің жоғары стандарттарын қалыптастырып, қоғамның сот органдарына деген сенімін нығайтады.
Президент Тоқаевтың айтқандары еліміздің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Біз осы бастамаларды қолдай отырып, құқықтық мемлекет құру жолындағы ауқымды жұмыстардың белсенді қатысушылары боламыз.