ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТТЫМ, ҮЛГІ-ӨНЕГЕМ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТТЫМ, ҮЛГІ-ӨНЕГЕМ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

       Қазан айының бірінші жексенбісі елімізде «Ұстаздар күні» кәсіби мерекесі атап өтіледі. Күні кеше мереке аясында Мақтаарал ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұстазым - ұлағаттым, үлгі-өнегем!» атты салтанатты іс-шара өтті. 

Іс-шараны аудан әкімі Бақыт Асанов ашып, ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, арнайы марапаттады. 

«Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару - Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы - адам болса, сол "адамның адамшылығы жақсы ұстаздан" деген дана Абай. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін!» - деді, Бақыт Насырханұлы. 

Іс-шара барысында облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директорының міндетін атқарушы К.Нуржанова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының кафедра оқытушысы Б.Матекова құттықтау сөзге шығып, педагог-шебер ұстаздарды «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттады.

      Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысының уақытша міндетін атқарушы Қайрат Арап: «Сіздер жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз екені көрініп тұр. Сіздер – жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады» - деді.

 Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен ауданымыз қайта құрылғалы 6 жыл ішінде 20-ға жуық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан аумағына 5 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған болса, 1500 орындық және 600 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, тағы 6 мектетің құрылысы жүріп жатыр және 3 мектептің құрылысы басталатын болады.