Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым ҚазҰУ-да шеберлік сабағын өткізді
2024 ж. 25 қыркүйек
465
0
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да спутниктік метеорологиялық деректер және оларды қолдану бойынша WMO-CIMSS Forecaster Training on Satellite Meteorology Data and Applications атты екікүндік халықаралық шеберлік сабағы өтті.
Ауа райын болжаушыларға арналған іс-шараны Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ), Метеорологиялық спутниктік зерттеулер кооперативтік институты және ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті бірлесе ұйымдастырды.
Жиынның мақсаты – спутниктік деректерді метеорологиялық мақсатта пайдалану туралы толық ақпарат беру. Онда зертханалық сабақтар қамтылады және синоптиктер нақты деректерге негізделген өнімдермен практикалық тәжірибе ала алады.
Жиынға Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның өкілдері, ҚазҰУ жастары, Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындарының жас ғалымдары мен студенттер қатысты.
Шеберлік сағабтарды АҚШ-тағы Висконсин-Мэдисон университетінің зерттеушісі Тим Вагнер және Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ғарыштық жүйелер және пайдалану бөлімінің басшысы Наталья Донохова жүргізді.
Дәрістің алғашқы күні қатысушылар электромагниттік спектр, көрінетін микротолқынды ИК арналары, геостационарлық және полярлық орбиталар, Meteosat 8, Meteosat 11, Himawari 8, Himawari 9, JPSS полярлық орбиталық спутниктері, MetOp және басқа да спутниктік метеорологияға қатысты тақырыптарды зерделеді. Күндізгі сессия бұлттарды, жауын-шашынды, өрт туралы ғылымды зерттеуге арналды.
Шеберлік сабақтың екінші күнінде қатысушылар су тасқыны, спутниктік су тасқынын анықтау сынды өзекті тақырыптарды қарастыра отырып, гидрологияны тақырыбын жан-жақты қамтыды.
«Біз ҚазҰУ-дың осы іс-шараға шақыртуына өте ризамыз. Висконсин-Мэдисон университетінің осындағы оқытушылары мен әдіскерлері су тасқыны, өрт сынды табиғи апаттарға қатысты барлық мағлұматпен бөлісуде. Мұнда метеорология саласында ынтамен жұмыс істейтін жас мамандар бар, бізге олармен бірлесе жұмыс істеу әрдайым қызық. Мен бұл университетте 26 мыңнан астам студент оқитынына таңғалдым. Бұл өте үлкен білім ордасы және бүгінгі ауа райы да ерекше болып тұр», – деді Наталья Донохова.
Шеберлік сабағына қатысушылар да алған әсерлерімен бөлісіп, дәріс барысы туралы айтып берді. Молдова Республикасынан келген қатысушы Татьяна Дабижа: «Мен Қазақстанға алғаш келуім және осындай шеберлік сағатына қатысуға мүмкіндік алғаным үшін ұйымдастырушыларға өте ризамын. Курс өте қызықты. Бұл жұмыс сапасын жақсарту үшін іс жүзінде қолдануға болатын ақпарат. Маған Алматы қаласы мен оның мейірімді тұрғындары қатты ұнады. Өте әдемі, жаңартылған кампус аумағының үлкендігіне де таңмын», – деді.
«Қазгидромет» мекемесінің инженер-синоптигі Амина Тойшыманова ҚазҰУ-дың түлегі, бүгінде мамандығы бойынша қызмет атқарады. «Оқуды бітірген кезеңнен бері метеорология саласында көптеген жаңалықтар енгізілді. Бүгінгі шеберлік сабағы өте өзекті және қажет. Оған тек қазақстандықтар ғана емес, шетелден келген мамандар да қатысуда. Біз көптеген тақырыптарды жан-жақты саралап, пысықтаудамыз, маңызды білім мен дағдыларды игерудеміз. Ұйымдастырушыларға бізге осындай бірегей мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз», – деді ол.
Халықаралық шеберлік сабағы жаңа байланыстарды дамытуға, жер туралы ғылым саласында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.