Жетібай ауылының медицина қызметкерлері АЭС салуды қолдады

Жетібай ауылының медицина қызметкерлері АЭС салуды қолдады

АЭС өндіретін тұрақты әрі қауіпсіз электр қуаты медициналық мекемелердің іркіліссіз әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді. Жетібай ауылында халықтық штаб мүшелері денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен АЭС құрылысының артықшылықтарын талқылады.

Атом энергетикасының дамуы ядролық энергияға негізделген медициналық технологиялардың ілгерілеуімен қатар жүреді, сондықтан емдеу әдістерін жетілдіре түседі. АЭС жұмысы көмір және газ электр станцияларымен салыстырғанда қоршаған ортаға қауіпсіз. Сондықтан ұлт саулығы үшін маңызды экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Бұл фактор бір тараптан ауа ластануынан туындайтын тыныс жолдары ауруларының көрсеткішін төмендетеді. 

 Адам өміріне араша түсетін дәрігерлер кәсіби білім-білігіне сүйене отырып, АЭС төңірегіндегі күмән мен үрейді сейілте алады. Мәселен, зерттеулерге жүгінсек, адамның бүкіл өміріндегі радиоактивті сәуленің небәрі 0,1%-ы ғана атом энергетикасына тиесілі екен. 

«Адам өз өмірін дәрігерге сеніп тапсырады. Себебі сіздер ұғынықты тілмен, дәйекті деректермен атом энергиясы төңірегіндегі түрлі мифтерді, күдік пен үрейді сейілте аласыздар. Кәдімгі рентген аппаратында тексерілу немесе флюорографиядан өту әлдеқайда зиян екені белгілі. АЭС адам денсаулығы үшін қауіпсіз екенін осындай қарапайым мысалдармен жеткізуге болады. Ойымызды қорыта айтқанда, біз экономикасы қуатты, заман талабына сай медицинасы ілгерілеген, дамыған елде өмір сүруді қаласақ, 6 қазанда референдумнан қалыс қалмауымыз қажет», – деді штаб мүшелері.