«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу басылымдары оқырмандарға оқырмандарға жол тартуда

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу басылымдары оқырмандарға оқырмандарға жол тартуда

Елорда төрінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты “Абай орталықтары және абайтанудың қазіргі өзекті мәселелері” атты дөңгелек үстел өткізді. 

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Абай орталықтарының атқарып жатқан жұмыстарын айқындау және абайтануға қатысты өзекті мәселелерді талқылау болып табылады.

Аталған шара көпшіліктің қызығушылығын тудырып оған әдебиеттанушы-ғалымдар, оқытушы-профессор құрамы, докторант, магистрант, студенттер және кітап сүйер қауым қатысты.

Ұлы ақынның әдеби мұрасын адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, мемлекет пен билік, тіл мен мәдениет бағыттары аясында жаңаша зерделеу арқылы ұлы ақынды бәсекеге қабілетті қоғам құру мен интеллектуалды ұлт қалыптастырудың темірқазығы ретінде жан-жақты насихаттау мақсатында Абай орталықтарының атқарылып жатқан жұмыстары жайлы ақпаратты тыңдау және Абайтануға қатысты өзекті мәселелерді талқылау болып табылады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір Абай академиясының бүгінгі күнде абайтану саласында еліміздің іргелі ғылыми-зерттеу институтарының қатарынан өзінің орнын алуға, Президент Касым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің сәтті орындалуын қамтамасыз етіп, еліміздегі абайтану орталықтарымен және белгілі абайтанушы ғалымдармен бірлесіп кешенді талдамалық зерттеулер жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар 2019 жылдан бастап «Абай академиясы» ҒЗИ қабырғасында 80-нен астам ғылыми-танымдық еңбектер жарық көрді. Сондай-ақ 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясында» арнайы жобалар аясында «Абай академиясы» атты сериямен 23 академиялық басылымдар оқырмандарға ұсынылған болатын. Сол дәстүр жалғасын тауып 2021-2022 жылдары Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде 48 ғылыми-танымдық кітап әзірленді. 2023 жылы 12 ғылыми-танымдық еңбек дайындалып, ғылыми зерттеу институтының зерттеу жұмыстарының сапалы әрі жоғары деңгейде іске асырылуына еліміздің абайтанушы ғалымдары, жетекші зерттеушілер, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер және еліміздегі барлық «Абай орталықтары» өз үлестерін қосты.

Аталған шараға әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жанындағы «Абай» ғылыми-зерттеу институтының басшысы, ф.ғ.д., профессор – Дадебаев Жанғара, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, ф.ғ.д., профессор – Пангерей Абат, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты – Тілешов Ербол, Абай академиясының» бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор – Негимов Серік, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д, профессор – Салқынбай Анар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Абай» ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор – Дандай Ысқақұлы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің ғылыми қызметкері Арықбаев Бағашар, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми- зерттеу орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты – Смағұлова Ақмарал, Еуразия ұлттық университеті Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., академик – Сыздықов Сатай, Еуразия ұлттық университеті профессоры, академик – Шәріп Амантай, жазушы, әдебиеттанушы, «Абай» журналының Астана қаласындағы тілшісі – Кемелбаева Айгүл, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім акадамиясының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент – Ақтанова Айман, Еуразия ұлттық университеті профессоры, ф.ғ.д. – Тұрысбек Рахымжан, Еуразия ұлттық университеті профессоры, ф.ғ.к. – Болат Қорғанбековпен қатар тағы да басқа ғалымдар қатысты.

Сөз соңында Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір: «Ұлылықтың асқар шыңына шығып, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын «көкірегі сезімді, тілі орамды» ерен ұрпағына арналған Абай сөзі қашан да өрелі, ғасырлар дамуының қай көшінде болмасын өзекті болары хақ. Ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеу, насихаттау бағытындағы жұмыстар жан-жақты, әрі жүйелі жүргізілуі қажет. Осы уақытқа дейін де, қазір де абайтануда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қордаланып қалған мәселелер да жетерлік. Абайтанудың стратегиялық даму жолдарын айқындау мақсатында, бірлескен ортақ жұмыстарды жүргізу үшін де «Абайтанушылар кеңесін құру» қажеттігін де ұсындық. «Абай академиясының» жобаларына өз үлесін қосып келе жатқан барша әріптестерім мен «Абайтану орталықтарына» ризашылығымды білдіремін» деп сөзін аяқтады. 

Бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Академияның ғылыми бағыты – Абай мұрасын жаңа Қазақстанның рухани, мәдени, интеллектуалдық дамуымен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету болғандықтан, Абайтану бағытында жетекші ғылыми институтқа айналу зор мақсат болып табылады.

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты қызметкері Дархан Кокебай