Президент Жолдауында не туралы айтылды?!
2024 ж. 02 қыркүйек
1153
0
Сонымен не айтылды? Қысқа-нұсқа.
АЭС бойынша референдум 6-қазанда өтеді. Референдум қазанның соңында немесе қарашаның басында өтеді деп ойлағам. Одан да ерте өтетін болыпты.
CАЛЫҚ бойынша енді мәжбүрлеу шарасы азаяды. «Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн» деді. Бұрын азын-аулақ салық төлеуді ұмытып кетіп немесе болмашы тиын-тебен салық үшін бұғаттап тастайтын еді. Басымыздан бірнеше мәрте өтті. Енді олай жасамайтын болыпты.
СУБСИДИЯ бойынша арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтапты. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болыпты. Қысқасы осындай заңсыздық жасағандарды жазалау күшеймек. Жер телімдерін бәленбай гектар етіп алып, пайдаланбай жатуға қатысты да тексеріс артатыны айтылды. Субсидия саласын расымен мұқият тексеру керек қой. Біреулерде мал бар, бірақ субсидия ала алмайды. Ал енді біреулер құжат жүзінде мал тіркетіп, шынайы шаруаларды субсидиядан қағып келеді. 5 млнға жуық мал тек қана құжатта бар, өмірде жоқ болып шыққаны масқара ғой.
ЖОЛ бойынша Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. Бұрын 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды салу және жөндеу тапсырылған, енді оны 4 есе арттырып, 10 мың шақырымға жеткізу тапсырылды.
ТУРИЗМ бойынша Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылғанын айтты. Енді Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін арттыру үшін сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салуды тапсырды. Алакөлдің Үшарал жағы қандай екенін білмедім, бірақ Үржар жағы дамып жатыр. Үржардың әуежайы жаңартылып, ұшу жолағы кеңейтілді. Ал Қатонқарағайға расымен тақтайдай жол керек. Табиғаты қандай керемет жер, бірақ кей тұста жолы өте нашар. Бүйрегің түсіп қалады. Ең алдымен «Рахман бұлақтарына» баратын жағын жөндеп қойса дұрыс болар еді. Баяғыда барғанымда өте нашар елі жолы.
ОРМАНды алқаптар елімізде өте аз екені белгілі. 5 пайызға да жетпейді. Орманды алқаптың санын арттыруға қатысты былай дейді: «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда іске асыру керек». Кең дала, шөл мен шөлейтті елміз ғой. Географиядан солай оқыдық. Әр ағаштың орны ерекше. Арал жаққа сексеуіл егіп жатқан жобаны көріп едім. Сондай жобалар керек әр аймаққа. Әрине әр аймаққа егілетін ағаш та сол аймақтың климатына сай болады ғой.
АУЫЛ әкімдерін сайлауға қатысты айтып, 2021 жылдан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланғанын айтты. Яғни 90 пайыз ауылдың әкімін сайлау өткен, олардың ішінде 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмағандар деген ақпаратты келтірді. Бұл үрдіс жалғасады дейді. Алайда осы ауыл әкімдерін сайлау процесін сәл өзгерту керек-ау. Біраз ауыл әкімдерінің сайлауын көрдім, рушылдық деген көп айтылмаса да, осы ауыл әкімін сайлауда қатты көрінеді екен. Кандидаттың біліктілігіне емес, руына қарап дауыс бере салу дегенді байқап қалған тұстарым бар. Солтүстікте ауыл сайлауы қалай өтіп жатқанын білмедім, бірақ ол жақты да қарап, сараптау керек. Әлбетте ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлау керек тәжірибе. Дей-тұра толықтырулар да қажет-ау.
Асхат Қасенғали,
Фейсбук парақшасынан