"Ақ жол" депутаттарының халықпен кездесулері қалай өтті
2024 ж. 29 тамыз
760
0
Жыл сайын жаз айларында Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткізіп, әлеуметтік, бизнес нысандарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездеседі. Түрлі аймақтарда ұйымдастырылатын осындай шараларда көптеген түйткілді мәселелер көтеріліп, шешімін тауып жатады.
Осыған орай, "Қазақ үні" ақпарат агенттігі ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Ақ жол" фракциясының депутаттарының биылғы шілде-тамыз айларында қандай өңірлерге барып, қандай жұмыстар атқарғаны туралы сараптамалық мақаланы оқырман назарына ұсынады.
Жалпы, шілде-тамыз айларында Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясының депутаттары барлығы 178 адамды қабылдап, 7613 тұрғындармен кездесті.
Оның ішінде демпартия лидері Азат Перуашев 19 елді-мекенге барып, 2078 адамды қамтыған 26 іс-шараға қатысқан. 65 адамды қабылдап, 57 кездесу өткізді. Келіп түскен 77 сауалдың 18-не жауап беріп, түйткілді мәселелердің шешілуіне мұрындық болды.
Партияның өзге де мандат иелеріне келетін болсақ, Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаты Қазыбек Иса 21 елді-мекенге барып, 2560 адамды қамтыған 33 шараға қатысты. Оның ішінде 84 рет қабылдау өткізіп, 65 адамды қабылдаған. Депутаттың атына 120 арыз-шағым келіп, оның 30-на жауап берілді.
«Ақ жол» партиясының депутаты әрі Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева 3 елді-мекенде 700 адамды қамтыған шараға қатысқан екен. 54 қабылдау өткізіп, 1 адамды қабылдады. 5 сауал түсіп, 3 мәселені шешті.
Депутат Ерлан Барлыбаев 7 елді-мекенге сапарлап, 640 адамды қамтыған 18 шараға қатысқан. 12 кездесу өткізіп, 48 адамды қабылдады. 52 сауал түсіп, соның 12-нің түйінін шешуге септесті.
Ал, фракциядағы ең жас депутат Ержан Бейсенбаев өз кезегінде 8 елді-мекенде 1635 адамды қамтыған 13 шараға қатысып, 19 қабылдау өткізді. Оның ішінде 7 адамды қабылдап, келіп түскен 65 сауалдың бесеуінің шешімін тауып берді.
Бұл кездесулердің барлығында еліміздің экономикалық, әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларына қатысты өткір мәселелер көтерілді.
Мәселен, партия төрағасы Азат Перуашевтің инвестицияларды тарту мен жүзеге асыруға көмектесу мақсатында Шымкент қаласының әкімі құрған «Шымкент-Инвест» серіктестігіне барғанына тоқталып өтсек. Орталық «Kazakh Invest» ҰК және «Атамекен» РКП-мен бірлесіп жұмыс істейді. Инвесторларды қолдау шарасын, жеке бизнесті қорғау мәселесі, түрлі өңірлердің оң тәжірибесін талқыланды.
Жиын барысында іскерлік көші-қон визасын алу рәсімінің бюрократиялық сипаты мәселесі көтерілді. Мәселен, бұдан қазірдің өзінде-ақ Түркиядан келген шетелдік инвесторлар да, олардың қазақстандық серіктестері де зардап шекті, себебі көрсетілген визасы жоқ инвесторлар құрған кәсіпорындар заңсыз деп танылып, олардың тіркеуі жойылса, олармен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылды.
"Шенеуніктердің консерватизмінен бизнес айтарлықтай шығынға ұшыраған" деп жазды депутат өзінің телеграмдағы арнасында бұл жөнінде.
Сондай-ақ, Азат Тұрлыбекұлы Президент Атырау облысындағы су тасқыны кезінде тұрғындарды эвакуациялап, бөгеттер салуға қатысқан Шымкенттегі әскери бөлімдерге барды.
Ал, Қостанайда үй құрылысы комбинатынның жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры В. Анненко арматуралық құрылымдарды тоқу, жабынды плиталарын, жылытылған үй панельдерін, қадаларды және т.б. шығаруға арналған автоматтандырылған желілерді көрсетті. Сонымен қатар, ауданы 80 ш.м. панельді коттедж үлгісі көрсетілді. Мұндай үйлерді (оның ішінде көп қабатты) салу жылдамдығы дәстүрлі әдістерге қарағанда 2-3 есе жоғары.
Депутаттың айтуынша, бұл әдіс әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар салуда да үлкен рөл атқара алар еді.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты түрік инвесторларының қаражатына құрылған «Кайдзен» ЖШС (бұршақ өңдеу), «Аруана-2010» ЖШС (диірмен комбинаты) ұжымдарымен жүздескенін атап өту керек.
Егін жинау науқаны қарсаңында «Аруана-2010» ЖШС 30 мың тонна астық қабылдайтын элеваторды жаңартуды да қарқынды аяқтауда. Компания басшысы «Ақ жол» демпартиясына кәсіпкерлерге тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, әсіресе несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге қол жеткізуді сұрады.
Депутат Ерлан Барлыбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Оралдағы “ВодЭкоФильтр” ЖШС мекемесінде болып, кәсіпорынның өңірде ауыз су тапшылығын жою мәселесіне қатысты тың жобаларымен танысты.
Халық қалаулысы Қазыбек Иса жұмыс сапарымен Шымкент қаласын, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарын аралады. Шымкентте ол кітапхана қызметкерлерімен кездесу өткізіп, Парламентте көтерілген маңызды мәселелерді талқылады, соның ішінде ұлттық мүддені қорғау, мемлекеттік тілді ілгерілету және қорғау, сондай-ақ офшордағы қаражаттарды елге қайтару мәселелері бар. Шымкент пен Түркістан облыстарындағы зиялы қауым және мәдениет қайраткерлерімен өткен кездесулерде олардың ұсыныстары мен идеяларын тыңдады. Бұл ұсыныстар мәдениет саласындағы кейбір кемшіліктерге, мысалы, «Жазушылар аллеясының» жоқтығы, әртістердің жалақысын көтеру қажеттілігі және «Мәдениет институтын» қалпына келтіру мәселелеріне қатысты болды. Қазыбек Иса бұл мәселелер Парламентте талқыланатынын айтты.
Алматыда Қазыбек Иса Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының жұмысымен танысты, онда секциялар халықаралық стандарттарға сай және тұлғаны ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жан-жақты дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ол А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлерімен кездесті, онда мемлекеттік тілді ілгерілету мәселелерін талқылады және үкімет жанынан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссия құрылғанын хабарлады.
Жетісу облысында Қазыбек Иса Панфилов ауданына барып, Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, белсенділер және журналистермен кездесті. Бұл кездесуде ол аудандық филиалдың төрағасын "Qazaq Republic 100" медалімен марапаттады. Сонымен қатар, ол Жаркент мешіт мұражайына барып, Қырыққұдық ауылындағы су құбырларын жүргізу жұмыстарымен танысты, онда мердігерлермен кездесу өткізді.
Депутат Ержан Бейсенбаевтың іссапары Маңғыстау облысынан басталды. Ол алдымен Жаңаөзен қаласындағы «Алға» мүгедектер спорт клубының мүшелерімен кездесіп, үкіметке мүгедектікті растау жөніндегі 260 бұйрықтың қайта қарастырылатыны жөнінде ұсыныстың берілгенін айтты.
«Ақ жол» демпартиясы адам жанын арашалап, қиын-қыстау кезінде елге көмектескен адамдарды марапаттау үрдісін қолға алған еді. Осы орайда Бейсенбаев Ақтаудағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Ақтау қаласындағы №25744 әскери бөлімі сарбаздарына «Апатпен күрескені үшін» медалін және Талдықорғандағы №5514 әскери бөлімінің сарбазына «Адам өмірін құтқарғаны үшін» медалін табыстады.
Жетісу өңіріндегі жұмыс сапары барысында депутат Тұрар ауылының біраз мәселесіне көңіл бөлді. Ауыз су мәселесінің шешілуіне ықпал етіп, тұрғындардың оған тегін қол жеткізе алатынына уәде берді. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін ауыл амбулаториясының да жағдайымен танысып, жаңа аурухана құрылысына жердің бөлінгенін айтты.
Жалпы, қорытындылай келе, биылғы жаз маусымында "Ақ жол" депутаттарының айтарлықтай белсенді жұмыс жасағанын байқаймыз. Алда Парламенттің жаңа сессиясы мен күрделі жұмыстар күтуде. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қ. Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайды. Жолдау тапсырмаларын орындау мен күнделікті маңызды жұмыстарда депутаттарға сәттілік тілейміз.
А. Тасқараұлы,
Қазақ үні