Қызылорда қаласында қан орталығы ашылды

Қызылорда қаласында қан орталығы ашылды

Қызылорда қаласында жаңа қан орталығы ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов та болды.

Бұған дейін қан орталығының өз алдына жеке ғимараты болмағандықтан, Облыстық көпбейінді медициналық орталықта орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін дейді қызметкерлері.

Жиында сөз алған Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы атап көрсетті. 

Бүгінде елімізде Президент тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Аталмыш жоба шеңберінде елді мекендерде екі жылда 655 алғашқы медициналық санитариялық көмек беру нысандарын салу көзделген. Жоба аудандық ауруханаларды жетілдіруді де көздейді.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бүгін жаңа Қан орталығының ашылуына куә болып отырмыз. Жылына он мың адамға қызмет көрсете алатын нысанның аймақ үшін маңызы зор. Біздің ең негізгі мақсатымыз ұлт денсаулығын сақтау. Ұлт денсаулығы – мемлекетіміздің даму кепілі», – деді вице-премьер.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Айта кетейік, ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын донорлық қан тапсырады екен. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындамақ.

Сонымен қатар, аймақтың дансаулық сақтау саласының автопаркі де жаңа көліктермен толықты. Іс-шара барысында, салтанатты түрде медицина мекемелері басшыларына 76 санитарлық автокөліктің кілті табысталды. Жаңа жедел жәрдем машиналары 11 медициналық мекеме аясында халық игілігі үшін қызмет ететін болады.