МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚАЗЫБЕК ИСА ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІН АРАЛАДЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҚАЗЫБЕК ИСА ШЫМКЕНТТЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІН АРАЛАДЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның Оңтүстік өңіріне іс-сапары жалғасуда. Шілденің 5 күні Қазыбек Жарылқасынұлы Шымкент қаласында «Көкбұлақ» елді мекенінде орналасқан Мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. 

«Ақ жол» ҚДП сайланған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі Исламбек Төлебаев биылғы жылдың қаңтар айында «Көкбұлақ» елді мекенінің тұрғындарымен кездескенде, олар "Мәдениет үйі" мәдени іс-шараларды өткізуге жарамсыз, апатты жағдайда болуына шағымданған болатын. Исламбек Насрұллаұлы өз тарапынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С. Құранбекке депутаттық сауал жолдап, мәселені жеткізіп, "Мәдениет үйіне" күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударуды сұраған. Нәтижесінде қазіргі таңда Көкбұлақтағы "Мәдениет үйі" ескі ғимаратын сырып тастап, орнына жаңа заманауи мәдени ошағы салынуда. 


Қазыбек Иса салынып жатқан ғимаратты аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, кездесуде мердігер компаниясының басшылығы Қазыбек Исаға құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталатынына уәде берді. 

Сонымен қатар, Қазыбек Иса Игілік елді мекенінде орналасқан "Мәдениет үйінде" жергілікті тұрғындармен кездесті. Қазыбек Иса өз тарапынан «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламент Мәжілісі мінберінде көтеріп жүрген мәселелерге кеңінен тоқтап өтті. 


Кездесуге келген тұрғындар № 82 мектептің ғимараты ескі, осы күнге дейін балалар 3-ауысымда оқитындығы туралы мәселені көтерді, сондай-ақ халық Қызылжар елді мекенінде көшелерге асфальт төселмеген, жаяу жүргіншілердің тротуары жоқ, қанғыбас иттер көп, Бадам өзеңінен су шығару қажеттігі туралы, көпқабатты үйлердің қасбеті жөнделмегені бойынша мәселелерді көтерді. 


Қазыбек Иса бұл мәселелер бойынша «Ақ жол» ҚДП сайланған депутат Исламбек Төлебаевқа тапсырма беріп, тұрғындарға депутат атына жазбаша өтініш жазу керектігін түсіндірді. 

Жиында кішкентай бүлдіршін «Депутаттарға арнауын» оқып беріп, көпшілікті сүйсіндірсе, әжелер өлең айтып керемет көңіл-күй сыйлады.