Мемлекет басшысы Ұлттық музейдегі туындылармен танысты

Мемлекет басшысы Ұлттық музейдегі туындылармен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Ұлттық музейге арнайы барып, отандық және әлемдік бейнелеу өнері туындыларының көрмесімен танысты. 

Президентке өнертанушы Ольга Батурина қазақстандық талантты қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрмені таныстырып өтті. Қ-Ж.Тоқаевқа әйгілі италиялық суретші Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасының түпнұсқасы көрсетілді. 

Аталмыш туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның «Scripta Maneant» баспасымен бірлесе ұйымдастырылған іс-шаралардың бірі. Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тысқары жерге алғаш рет шығарылып отырғандығын айту ләзім. Осынау ауқымды көрме еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Италияның Қазақстандағы елшілігінің және Италия мәдениет институтының қолдауымен өткізілуде. Елорда тұрғындары мен қонақтары Леонардо да Винчидің осынау бірегей туындысын 4 тамызға дейін тамашалайтын болады.

Qazaquni.kz