Алғаш рет айрықша ота жасалды

Алғаш рет айрықша ота жасалды

Қазақстанда бірінші рет А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының базасында басқарма төрағасы, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен ересек пациенттерге алғаш рет бүйректі айқас транспланттау отасы жасалды.

Осы орайда, айқас трансплантаттауға түсініктеме берсек, бұл кем дегенде екі сәйкес келмейтін жұптан, айқастыру арқылы ағзаны қондыру болып табылады. Аталмыш операция донорларды алмастыру қағидаты бойынша жүзеге асады. Егер туысқан донор реципиентке медициналық көрсетілімдер бойынша сәйкес келмесе, дәл сондай проблемасы бар басқа донор таңдалады.

Біздің еліміздегі донорлық ағзалардың тапшылығы жағдайында альтруистік донорлық, АВО-сәйкес келмейтін, бүйректі айқас трансплантаттау балама болып табылады.

Қазіргі таңда біздің республикамызда да осындай операциялар тәжірибеге енгізілді.

 Айқас трансплантаттау ұзақ жылдар бойы бағдарламалық гемодиализде болған екі жұптың – қан тобы бойынша өзара сәйкес келмеген күйеуі, әйелі және қызы мен анасының арасында жасалған.

Өкінішке қарай, гемодиализ донорлық ағзаға балама болып табылмайтындықтан, науқастар ұзақ уақыт гемодиализде бола алмайды. Өйткені уақыт өте келе олардың жағдайы біртіндеп нашарлайды. 

Мұндай жағдайда, ең орынды шешім осы жұптардың арасында бүйректі айқас трансплантаттау жүргізу болды. Мұқият зерттеп-қараудан, үйлесімділікті бағалаудан және пациенттердің арасындағы барлық келісімдерді рәсімдегеннен кейін екі күннің ішінде екі бүйректі трансплантаттау сәтті орындалды. Нәтижесінде екі бүйрек те сіңісе бастаған көрінеді.

Екі пациенттің де денсаулығы біртіндеп жақсарып келеді. Ауруханадан шығатын күн де алыс емес.

qazaquni.kz