Арайлы Белгібаева: Гаджет – бала денсаулығына қауіп төндіреді

Арайлы Белгібаева: Гаджет – бала денсаулығына қауіп төндіреді

«Шипагер» отбасылық-денсаулық орталығының балалар невропатологы Арайлы Белгібаевамен әңгімелесіп отырмыз. Маманнан: «Қазіргі кезде елімізде балалар арасында тілі кеш шығатын, тілі шықса да, сөйлегенде әріптерді, сөйлемдерді анық айтпайтын тілінде мүкісі бар балалар көбейген. Бұны дерт дейміз бе, әлде бала кезден сөзді анық айтуды үйретпеу салдары ма?» деп сұрадық.   

– Елімізде тілінің мүкісі бар балалар ресми статистика бойынша мектепке дейінгі балалар арасында 7-10 пайыз кездеседі. Астана қаласындағы №5 Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының 2023 жылғы есебі бойынша сөйлеу қабілетінің тежелуімен ғана 3600-дей науқас бала тіркеліп, ем қабылдауда. Негізі балалар арасында тіл дамуының тежелуінен басқа да, тіл, сөйлеу, ой-сана қабілеті тежелуімен байланысты науқас түрлері көп. Тек тіл дамуындағы тежелу екіге бөлінеді. Экспрессивті және рессисивті деп. Мысалы, рессисивті науқаспен ауырған бала ештеңе айтпайды. Себебі, ол бала сіздің одан не сұрап тұрғаныңызды түсінбейді. Түсіну қабілеті төмендігінен сізбен сөйлеспейді. Оны сенсорный алалея дейді. Бұл жерде нейропсихология, аватерапия қосылады. Және, дерттің экспрессивті түрінде бала бәрін түсінеді. Көкірегі сайрап тұр, бірақ жеткізе алмайды. Бұндай балдармен логомассаж, күнделікті артикуляциялық жаттығулар жасап, логопедтер жақсы жұмыс істесе, бала жүз пайыз сауығып кетеді. 

– Ал, балалардың ой-сана қабілетінің дамымауы ата-анасының бала тәрбиесіне салғырт қарап сөйлеспеуінен болып жатқан құбылыс па, әлде бала бір нәрседен қатты қорқып қалуынан жабысатын дерт пе?

– Әуелі науқас баланың денсаулығын педиатр тексергеннен кейін, баланың тіл дамуын ғана емес, оның психикалық тежелуінің ауытқуы бар ма, жоқ па невролог дәрігердің қарауына өтеді. Себебі, қандай ауру болмасын, ол орталық жүйке жүйесіне байланысты тууы мүмкін. Осы кезде көптеген балаларда тіл дамуы мен ой-санасының тежелуі, сөйлей алмауы сияқты белгілер анықталады. Иә, ондай балаларды бірінші қабылдауда бір жасынан бастап анықтаймыз, яғни бір жасында балада алғашқы әке, ана деген сөздерді айта алмаса, сәбидің денсаулығына аса зер саламыз. Бес жыл бұрынғы стандарт бойынша бала он екі айлығында сегіз сөз бен он екі сөз арасында айтуы керек болса, қазіргі заңда гаджеттердің, теледидардың көп шығуына байланысты, біз ол стандартты кері қарай сыдырдық. Яғни, бала үш-төрт сөзді анық айтатын болса, ол балада тежелу жоқ деп есептейміз. Ал, енді бала сөйлегенмен, түсінігі қалыптаспаса неврологтар үшін бұл ескеретін дүние. Баланы қайта қабылдауға шақырып, физикалық және лабораториялық зерттеулер жасаймыз. Ата-анасына балаңызда тілдің тежелуі бар деп айтқанда олар бірінші кезекте қарсылық білдіреді. Олар, «Бала ғой әлі, бір жаста сөйлеуі керек пе? Бала бес жасында да сөйлеп кетеді» деумен баласы бес-алты жасқа келгенше күтеді. Ондай балалар да болады, үш-төрт жасқа келгенде сөйлеп кететін. Бірақ, көп балаларда тілдің ақаулықтары қалыптасып кетеді. Мысалы, дизартрия, дисламия, ойлау қабілетінің толық жетіспеушілігі, бала мектепке барғанда ойы мен түсінігін айта алмауы, ерте кезде бала денсаулығын түземеудің кесірінен болады. 

– Қазіргі қазақ қоғамының тілі алапес тілге айналып отырғаны жасырын емес. Қазақ тілі мен орыс тілін араластырып сөйлейді. Балалар тілінің кеш шығуына, ойлау қабілеттерінің төмендеп айтар сөзін жеткізе алмауына тап болуы мектептегі, отбасындағы ата-әжесінің, жанашыр деген анасының өзі баласына қойыртпақтап қазақша, орысша сөйлейді. Өмірге енді қалыптасып жатқан сәбиге осы олқылықтың кері әсері тие ме?

– Ия, пилингвизм деген бар. Отбасында бәрі қазақша сөйлеуге тырысқанымен, қазір қоршаған ортада аулаға шығып ойнағанда, ютубты қосса да бәрі орыс тілінде, ағылшын тілінде сайрап тұр. Балалар дәрігерлік тексеруден өтуге келген кезде үш тілде сөйлеп, санақты үш тілде санайды, түстерді үш тілде айтып береді. Бұл жағдай да баланың психикасына кері әсерін тигізеді. Сол себептен ата-аналар баласымен қазақ тілінде және көп сөйлесіп тәрбие жүргізуі керек. Қазіргі ата-аналардың өкінішке қарай көбінің қолы тимейді. Баласын босана салып, нарық қыспағы шыдатпай, жұмысқа шығып кетеді де, баласын тәрбиелеуге, сөйлесуге уақыт таппайды. Қазақтың билер кеңесі дәуірінде әр отбасында ата-әжелер немере тәрбиесін қадағалайтын, тәрбиелейтін. Қазақ аталары ұл немеренің тәлім-тәрбиесіне жауапты болса, қыз немеренің тәрбиесіне, әдебіне, мінез-құлқын қалыптастыруда ене жауапты болған. Ене – қазақ әулеттерінің тұтқасы болған. Олар әулеттің отбасы мүшелерінің мұсылман шарттарын қалтқысыз орындалуын қадағалап отырған. Келінге көмекші әрі қамшы болған. Сондықтан, ата мен әже өз немересінің дені-қаны сау болып өсуіне тер төккен. Ал, қазір ілуде бір отбасында болмаса, жалпы қазақ отбасында ата мен әженің орны ойсырап, немере тәрбиелейтін адам жоқ. Жұмыстан шаршап шалдығып келген әке мен шешенің баласынң тәрбиесіне көңіл бөлуге мүлде уақыты жоқ десе де болады. Сол себепті баланың қолына гаджет, теледидарды ұстатып қояды. Қазақ баласын қазір шетелдік сана, қорқынышты анимациялық фильмдер, бесіктен белі шықпай жатып жыныстық қатынас туралы кино мен ересектерге арналған мультфильмдер көреді. Бұл бала санасын аямай жарақаттауда. Осы жерде ата-аналар тарапынан кетіп жатқан педагогикалық тәрбие қателігінен барып, баламен көп сөйлеспегеннен кейін тілдің дамуы тежелуде. Қазіргі заманда балаға гаджетті ұстатпау керек. Гаджеттер – бала денсаулығын ұрлаушы құрал. Гаджетке тәуелді баланың денсаулығы мен болашағын жоғалттым дей беруге болады. Себебі, гаджеттерде баланың аппақ ақ қағаздай санасын улайтын жағымсыз дүниелер жетіп артылады. Мысалы, Қытайда өзге елдің әлеуметтік желілерін бұғаттап тастаған. Қытай балалары тек өз елінің бала тәрбиесіне қатысты жақсы көрсетілімдерін ғана көре алады. Осылайша патриоттыққа баулуда. Ал, біздің елде әлемжелі арқылы өзге елдің ұлттық санасын, тәрбиесін сәбилер өз бойына сіңіруде. 

– Қоғам дамуына тілі кем, ойы тежелген баланың кері әсері қандай?

– Әр отбасыны мемлекет деп алсақ, әрине отбасыға зиян. Дені-қаны сау бала мемлекеттің абыройы десе болады. Себебі, мемлекеттің келешегі – өскелең ұрпақ. Олардың денсаулығы жан-жақты мықты болуы мемлекет кепілі. Мысалы, тілі шықпаған баланың 70 пайызының өзін алып жүруі бұзылады. Мінез-құлқының өзгеруі бала өзіне не керек екенін айтып, ойын жеткізе алмайды. Анау ойыншықты алғым келеді деп дұрыс айта алмағандықтан, қолына түскен затты лақтырады. Тістейді, негативизм, бала әрекетінде гипербелсенділік пен агрессизм пайда болып, мінез-құлқында бұзылулар болады. Бұндай балалармен жұмыс істеу де, бірге жүру де өте қиын. Бала балабақшаға барғанда жанындағы балалармен ойнағанда айтқысы келгенін жеткізе алмайды, сосын біреуді тырнайды, басқа балалардың ата-аналары шағымданып, балабақшадан шығарып тастайды. Сондықтан біз науқас балаларды Астана қаласы бойынша Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына №3, №7, №5 бөлімшелеріне жібереміз. Қала тіркеуімен Астана.кз сайтынан ата-анасы тапсырыс тастайды. Сол жерде арнайы дөңгелек столда педагогикалық, медициналық, психолог, логопед, дефектолог, кейде психиатр мамандары қарайды. Балада тек тілдің тежелуі ме, әлде психикалық дамудың тежелуі бар ма тексереді.Мысалы, аутизм, ойлау қабілетінің тежелуі мен психикалық белгілер анықталса, басқа да мамандар қарайды. Аутизмді қазір әлем емдеп жатыр. Қалай, неден пайда болатыны белгісіз. Және, бұл науқас геометриялық қарқынмен өте қатты дамып жатыр. Америкада әрбір туылып жатқан отыз жетінші бала аутизм диагнозы қойылуда. Ал, Қазақстанда бүгінгі статистикаға қарасақ, он екі мың адам аутизм дертіне ұшыраған дейді, ол шындыққа сәйкеспейді. Себебі, бір ғана «Шипагер» сауықтыру орталығының өзінде қаншама аутизммен ауырған баланы біз анықтап жатырмыз. Елімізде төрт жастан бастап аутизммен ауырғандар мүгедектік қатарына тіркеледі. Аутизммен ауыратын балалар төрт жасқа дейін \зпр\ ретінде мидың, сананың, тілдің психикалық тежелуі деген диагнозбен жүре береді. Осы жағынан алғанда бізде статистика дұрыс анық емес. Оңалту орталықтарында емделу үшін алдын ала үш айдан сегіз айға дейін науқас балалар кезекке қойылған. Мысалы жалпы білім беретін мектепте қазір бір сыныпта жиырма бала болса. Оның екеуі аутизм бала болады. Ол заңмен бекітілген. Ол көп баланы артқа сүйрейді. Ол екі бала мінез-құлқымен, тынымсыздығымен, жалғыз мұғалімнің назарын өздеріне аударады да, қалған он сегіз бала қалып кетеді. Осылайша оқуға, білім алуына кері әсерін тигізеді де, оқушылардың білім сапасының төмендеуіне алып келеді.

– Балалар жан-дүниесінің дертке ұшырауына ата-анасының бала жатырда пайда болғанға дейінгі жан күйзелісіне ұшырауы әсер ете ме? 

– Әрине, болуы әбден мүмкін. Ол тікелей әсер етеді. Бірінші фактор бұл бала мен ананың денсаулығына әсер етеді. Өмірде бір рет баланың әкесі не шешесі депрессияға түскен болса, ол баланың денсаулығы мен жүйке жүйесінің қалыптасуына міндетті түрде әсер етеді. Ал, баланың ата-анасы үйленбей тұрып елу пайыз күйзеліске түскен болса, онда ұрпағына оның жиырма бес пайызы беріледі. Ал, ата-анасының біреуі жүз пайыз депрессияға ұшыраған болса, онда баласына жан жарақатының елу пайызы жұғып туылады екен. Бұл медицина ғылымында анықталған. Әке мен ананың денсаулығы алғашқы он екі ай жүктілік болғанға дейін ішімдік, есірткінің, хламидияның болуы ең уытты вирус болып есептеледі. Бұлар баланың ең алғашқы эмбрионы қалыптасқан кезде кері әсер ететін вирустар.

 – Бұл қазақ халқының «Құрсақ тәрбиесі» салтындағы қыз баланы аялап ұстау, тәрбиелеуін сұранып тұрғандай екен. Қазақ халқының құрсақ тәрбиесіне көзқарасыңыз қалай? 

– «Құрсақ тәрбиесінде» қазақта сүтпен дарыған, сүйекпен шығады дейді. Бала ана құрсағында жатып төрт айлығынан бастап анасын естіп, сезе бастайды. Сыртқы өмірдегі жағымды-жағымсыздықтан хабардар болады. Мысалы, анасына біреу ұрысса оны біліп, сезеді. Бала да шошиды. Қатты шошыған кезде бала жүгініп кетеді. Жатырдағы бала қорыққанынан жиырылып көрінбей қалады. Бұл жағдай баланың өмірге жүйке жарақатымен, не жан ауруымен туылуына әсер етеді. Сондықтан, әйелдер өмірге сау бала әкелуді ғана ойлап, соған әрекет етуі керек. Ертеде аяғы ауыр әйелдер өлең айтқан. Далаға шығып серуендеп, жалаң аяқ жүрген. Негізі, құрсақ тәрбиесі арқылы баланың түйсігі, ым мен ишараны ұғуы іште жатқанда дамиды. Ана жақсы кітаптар оқып, жақсы тамақ ішіп, әуезді әуен тыңдау керек. Аяғы ауыр әйелдің көңіл-күйі көтеріңкі жүргенін қадағалау керек. Қорқынышты кино көрмеу керек. Жақсы сөз айтуы керек. Осының бәрі ананың психикалық денінің саулығы. Дені сау анадан денсаулығы мықты сәби дүниеге келеді. 

 – Ия, дұрыс айтасыз. Енді бұл дертті тоқтату үшін не істеу керек? Әлем дәрігерлері мен ғалымдары бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізуде?

 – Бүкіл әлем ойланып жатыр. Мұндай дертпен не ішем, не кием деп ойланбайтын ауқатты ата-аналар да өмірге бала әкелуде. Тек кедейлер ғана осы дертпен бала туып жатыр деуге болмайды. Жас ата-анадан, ересек ерлі-зайыптылардан да тілі, ойы дамымаған, мүгедек балалар туылуда. Керек десеңіз, әлемдегі алыңғы ондықта тұрған экономикасы дамыған елдерде де тілі кеш шығу, ойлау қабілетінің тежелуі мен дауна, аутизммен туылып жатқан балалар өте көп ұшырасуда. Ол статистиканы жоғарыда айттым. Бұл тәрбиеге емес, генетикамен байланысты дерт сияқты. Сондықтан, генетик ғалымдар адамдардың генетикасын да қазір зерттеу үстінде. Ал, дәрігерлердің қолынан келетіні көмегі мен кеңесі, әкелер мен аналарға жүктілікті жоспарлап, бала көтергенге дейін түрлі дәрумендер ішіп, денсаулықтарын қалпына келтіріп алу керек дейміз. Бұл бала сүйгісі келетін әкелерге де, келіндерге қатысты ем-шара. Ал, аяғы ауыр әйелдер дәрігер кеңесіне уақытылы тіркелуі керек. Өмірге әкелген сәбимен әке-шешесі, ата-әжесі дембіл-дембіл сөйлесіп тұрса, баланың танымы артып, жан-жағын ертерек тани бастайды. Сол кезде баланың ойлау қабілеті оянып, сезім мүшелері дамып, ақылмен ойлай бастайды. Қазақ халқының баланы бір жастан бес жасқа дейін хандай басыңа көтер, бес жастан он үш жасқа дейін құлдай жұмса, он үштен он алты жасқа дейін досыңдай сырлас деуі осы бала тәрбиесінде ең құнды тәрбие.

– Әңгімеңізге рахмет!

Зүбәйра ӘКІМ,

журналист