ТҮРКІСТАНДА СӘКЕН СЕЙФУЛЛИННІҢ 130 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ
2024 ж. 29 маусым
439
0
«Ұлы Дала Елі» орталығы және Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын, қоғам, мемлекет қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай «Жалынды Алаш арысы» танымдық-тарихи іс-шарасы өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері мен қадірменді қонақтар қатысты.
Тау тұлғалы азаматты дәріптеген жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Сейдолла Садықов, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласынын Құрметті азаматы Баян Адырбек, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, зейнеткер ана Дана Орманова сөз алып, кемеңгер жазушының ерен еңбектерін атап өтті.
Танымдық-тарихи шарада Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілер акапелласы Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әнін шырқаса, «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасы «Сәкен туралы қазақ зиялылары» қойылымын ұсынды. Сондай-ақ, ақынның «Тау ішінде» әні залға жиылған көпшіліктің қоғам қайраткеріне деген құрметін арттыра түсті.