ТҮРКІСТАНДЫҚ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ КІТАП АЛУҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ КІТАП АЛУҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Бүгін руханият ордасына айналған Түркістанда бір топ БАҚ өкілдері 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай марапатталды. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбай кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Қоғамдағы биік құндылықтарды қалыптастырып, өркендету жолында, шынайы ақпарат таратуда Сіздердің орындарыңыз айрықша екені сөзсіз. Әркез қайнаған ортадан табылып, қоғамның ең өткір, ең өзекті сауалдарына жауап табуда үнемі ізденіс үстінде тынбай жүрген еңбектеріңіз орасан! Қазіргі таңда құрылғанына аз ғана уақыт болса да, облысымыз барлық бағытта қарқынды дамуда. Өңіріміз дами берсін. Жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру жолында қанаттарыңыз талмай, самғай беріңіздер! – деді басқарма басшысы.

Жиынды ақын, журналист Айдар Сейдазым жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған журналист, профессор Бекжігіт Сердәлі әріптесін құттықтап, басқарма ұжымына алғысын жеткізді. Шара соңында мерекеге орай арнайы құттықтау хат пен кітап дүкеніне сертификат табыстады.

Айта кетейік, Түркістанда тек облыстық емес, республикалық, тіпті халықаралық іс-шаралар өтіп жатқаны белгілі. «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында осы аптада Шардара ауданы келеді. Ал 4 шілде күні «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы өтеді.