Түркістан облысының медицина қызметкерлері марапатталды
2024 ж. 27 маусым
573
0
Түркістан облысында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбегімен дараланған мамандарды «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және алғыс хаттарымен марапаттады.
– Өңірде денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым бар. Барлық медициналық мекемеге 2 милллион жүз мыңға жуық адам тіркелген. 2024 жылы 8 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу қолға алынып отыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық қанатқақты жоба аясында облысымызда биыл 49 медициналық нысанның құрылысы басталды. Сонымен қатар балалар арасында мүгедектіктің алдын алу мақсатында Қапланбек ауылында 600 орындық оңалту орталығы ашылды. Облыс бойынша өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы және олардың біліктілігі. Аталған мәселе бойынша 2023 жылы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен 60 грант резиндентураға бөлінген, ал биыл 139 грант бөлініп отыр,-деді Бейсенбай Тәжібаев.
Облыс бойынша үздік медицина қызметкерлері атанған конкурс жеңімпаздарына да құрмет көрсетіліп, медицина саласының ардагерлеріне сый-сыйапат жасалды.
Айта кетейік, өткен жылы 43 бейінді мамандар шетелге оқуға жіберілген болатын. Ал, биыл біліктіліктерін арттыруға 32 маман жіберді. Сонымен қатар, 600 орта буынды медициналық қызметкерлерге Израиль мемлекетінен 2 білікті тәжірибелі оқытушыны шақырту арқылы көшпенді цикл ұйымдастыру жоспарланып отыр. Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облысының медициналық мекемелерінде күніне 200- де астам ота жасалады. Бұл еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Биыл Түркістан облысында жарты жылдықта 30 миллионға жуық клиникалық-диогностикалық қызмет көрсетілген. Тұрғындар 300 мыңнна астам жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Сонымен қатар ауылдық жерлерде медицина қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында облысымызда төрт көпбейінді ауданаралық аурухана құру жоспарлануда. Аталған медициналық мекемелерді 2024-2025 жылы стационарлы ангиограф және МРТ аппараттарымен қамтамасыз етеді деп отыр.