Сұлтанбек Қожановтың туған ауылы Ақсүмбеде ақындар айтысы өтті

Сұлтанбек Қожановтың туған ауылы Ақсүмбеде ақындар айтысы өтті

Түркістан облысы, Созақ ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде қайраткердің кіндік қаны тамып, туып өскен ауылы Ақсүмбенің төрінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты республикалық думанды ақындар айтысы өтті.

Сұлтанбек Қожанов 1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, ал 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті оқып бітірген. Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК \б\П Марксизм-ленинизм курсын 1927 жылы оқып бітірген. Сұлтанбек Қожанов елдің саяси-әлеуметтік жұмысына 1915 жылдан бастап кірісті. Сол жылдары Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрады. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ. Қожықов, Қ. Болғанбаев, С. Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. 

Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919-20 жылы Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік қалалық атқару комитетінің Сырдария облыстық революциялық кенттің төрағасы болды. 

1920 жылдың соңына қарай Түркістан республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Ол осы қызметте жүріп өз туған ұлтының ұлттығын жанталаса қорғады. Оның мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы бар. Және, «Түркістанның кенестік автономиясының он жылдығына» аты орыс тіліндегі зерттеуі жеке кітап болып шыққан. 

Ол 1937 жылы 16 шілдеде тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы Қожанов ақталғаннан кейін сіңірген еңбегін мойындап, тек қана 1994 жылы еңбектері шығарыла бастады. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.     

Бүгінгі тағылымды шара барысында зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Дүбірлі жыр додасының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Содан соң шараның өтуіне айрықша атсалысқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті. 

Аламанға еліміздің ең таңдаулы ақындары қатысып, төл өнеріміз насихатталды. Айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбектен бастап, Жаснсая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшов, Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдәулет Өмірбеков пен Сіләмхан Мұхаметқандар өзара бақ сынасты. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановтың өнегелі өмірі, ізгі амалдары, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты.