Облыстық кітапханада Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы аталып өтті
2024 ж. 21 маусым
647
0
Облыстық кітапханада Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай, «Қазақ поэзиясының құлагері» атты поэтикалық марафон өтті.
Іс-шараны филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемінің үздік педагогы Сейдулла Садықов ашып, қаламгердің шығармашылығы негізінде маңызды ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі Баян Адырбек және ардагер ұстаз, Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Сиякүл Мұстапаева, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің түлектер қауымдастығының төрағасы Мәриям Асанова, К. Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры Рахила Урумова, Әмір Темір мектебінің психологы Ақерке Муварова және тағы басқа жоғары оқу орындары мен мектеп ұстаздары, жас ақындар іс-шараның құрметті қонағы болды.
Ілияс Жансүгіров «Үш бәйтеректің» бірі, ақын, аудармашы, прозашы, Қазақ АКСР Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы.
Ілияс Жансүгіров өлең жазуды 1912 жылы бастаған. Оның «Балдырған», «Қызыл жалау» атты өлең дәптерлері 1957 жылы Ұлттық кітапханадан табылды. «Сарыарқаға», «Тілек», атты өлеңдері алғаш жарық көрген туындылары. Олар Семейдегі «Саррыарқа» газетінде жарияланған. 1923 жылы «Сана» журанлында «Мерген Бөкен» әңгімесі басылып шықты. Ақынның өлеңдері «Тілші», «Ақжол», «Кедей еркі» газеттерінде жиі жарияланды. Ақынның осылайша ойы ұшталып, қаламы қарымды, талантты ақын ретінде белгілі болды.
Ол А.Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтің, Горькийдің, Генрих Гейне мен Виктор Гюгоның, Ғ. Тоқайдың, К. Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын кеңейтті.
Оның «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты классикалық шығармалары бар. Ілияс поэзиясы – ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін мәңгі жас поэзия.
Сондай ақ, іс-шара барысында Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығынан ақпар беретін бейне көрсетілім және Ілияс пен оның сүйікті жары Фатиманың хаттарынан үзінді қойылым көрсетілді. Сондай ақ Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірмесінің оқушылары ақынның «Құлагер» дастанынан әдеби композиция оқыды. Арнайы жасақталған кітап көрмесі келушілерге таныстырылды.
Іс-шараға белсенді қатысқан оқушыларға кітапхана директоры Жанат Шардарбекованың атынан алғыс хат табысталды.