Түркістан облысының құрылғанына – 6 жыл

Түркістан облысының құрылғанына – 6 жыл

Биыл Түркістан облысының құрылғанына – 6 жыл! 2018 жылы 19 маусымы тарихи сәт. Өйткені дәл осы күні киелі шаһар облыс орталығына айналды. Еліміздің және түркі әлемінің рухани астанасы саналатын қасиетті өңір аз уақыт ішінде қарқынды дамып үлгерді. Түркістан қаласы өзгеше кейіпке еніп, жаңа құрылыс нысандары пайда болды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани астана мәртебесін беру туралы бастаманы көтерген болатын. Бүгінде осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Рухани-мәдени орталықта Ахмет Ясауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасы, «Конгресс Холл» көп салалы кешені, Неке сарайы, Амфитеатр сынды ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне берілді. 

Қазіргі таңда Түркістан әлем туристерін де қызықтырып отыр. Бұл дегеніміз өңірде туризм саласы дамып жатыр деген сөз. Түркістан киелі жерлер мен емдік орындарға бай аймақтың бірі. Еміне шипа іздеп келетін жандар да жетерлік. Осы тұрғыдан емдік-сауықтыру орындарына келушілер саны мен орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны артты. «Керуен сарай» туристік кешені, жанға жайлы саябақтар мен субұрқақтар, ойын-сауық орталықтары, жаңа пәтерлеер мен шығыс стиліндегі үйлер салынды. 

Баршаңызды осынау айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Тарихи тамыры тереңде жатқан, күллі түркі халықтарының символы болған киелі мекен Түркістанымыз дами берсін!   

Ізгі ниетпен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев