Бір әкенің тәрбиесін – бере алмайды жүз мектеп
2024 ж. 21 маусым
426
0
Бүгін асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын – Әкелер күні мерекесі.Әке болу бар да, әке бола білу бар. Әке – отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Алғаш дүние есігін ашқан сәттен бастап, баланың нығыз қамқоршысы – әке. Адам бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі әке арқылы қалыптасады.
Бала тәрбиесінде қашан да әкенің рөлі өте зор және мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі де – осы.
2023 жылы енгізілген бұл мерекенің басты мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттап, әкелер институтын нығайту.
Қазақ халқы ежелден «Әке көрген – оқ жонар» деп бекер айтпаған. Себебі, әке тәрбиесін бір институт, не басқа еркек бере алмайды. Ол ер адамның ешкімге бағына бермейтін, бас иелік ететін табиғи жаратылысына байланысты болар. Бірақ, әке тәрбиесін көрмей өскен баланың да мінез-құлқы дұрыс қалыптаспайтынын қазақ халқы әу бастан біліп, қазақы отбасында әке орнын жоғалтпаған. Отбасында қандай жағдай болмасын бала жан-дүниесі мен тәрбиесінің дұрыс қалыптасуы үшін ерлі-зайыптыларды қазақ билері мен ақсақалдары ажырасуына рұқсат бермеген. Отбасы мүшелерінің – атаның, әженің, ененің, әкенің мәртебесін қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастық жалғастығы үшін қалыптастырған. Бұл қазақ халқының «Жеті жарғы» заңында билер кеңесі жүйесі қалыптастырған салт-дәстүрі еді. Өкінішке қарай, 1917 жылы кеңес үкіметі орнаған соң қазақтың қалыптасқан отбасылық өмір сүру салтын ойрандады. «Әйел теңдігі» дегенді ойлап тапты. Қазақ әйелдерін жаппай қара ауыр жұмысқа жегіп, мінез-құлқын дөңайбаттандырды. Нәтижесінде, қазақ әйелінің қоғамдағы мәртебесі ер адаммен тең деп бөліп-жарды. Есесіне, әйелдің аялы алақанынан ажыраған отбасында әке орны ойсырап, бала тәрбиесі ақсады. Мұның бәрі қоғамдық сананы өзгерту арқылы, әр отбасына сыналап енгізілді. Бүгінде, қазақ отбасы әлемде ерлі-зайыптылардың ажырасуынан алғашқы ондыққа еніпті. Осылайша, бүгінгі қазақ қоғамында бала тәрбиесі, әсіресе ұл тәрбиесі өте өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, бүгінгі ұл – ертеңгі әке. Сондықтан, әке тәрбиесіне қазақ қоғамы зәру. 2012 жылы белгілі педагогтер Әсима Бимендина мен Зәуреш Жүсіпова мектептегі ұл балалардың тәрбиесіне алаңдап, алғаш рет «Әкелер» слетін өткізген еді. Осы слетке облыстың түкпір- түкпірінен хабарласып әке тәрбиесіне, қамқорлығына зәру екендіктерін айтады. Сөйтіп, 2014 жылы «Әкелер одағы» құрылып оған Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев қатысып қолдау білдірді. Сол кезден бастау алған әкелер одағы қазір әр мектепте құрылып, ол 2023 жылы қоғамдағы, отбасындағы ойсырап бара жатқан әке мәртебесін қалпына келтіру мақсатында елімізде «Әкелер күні» болып жарияланды.
Барлық әкелерді бүгінгі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Әрбіріміздің асқар тауымыз аласармай, тас қамаламыз құламай, қасымызда мәңгі қорған боп жүргей.