ЕЛОРДАДА ӘКЕЛЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
2024 ж. 15 маусым
777
0
Бүгін Астанадағы «Ататүрік саябағында» қала әкімдігінің спорттық бұқаралық іс-шараларын өткізу дирекциясымен «Ұлттық ойын-ұлт қазынасы» атты тартысты сайыстың куәсі болдық. Көңілді дода «Әкелер күні» мерекесі аясында Байқоңыр ауданының әкелері мен балаларының қатысумен ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты, қазақтың ұлттық ойындарын ойнай отырып, отбасы институтын нығайту. Сондай-ақ, жанұядағы әке рөлінің маңыздылығын көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту.


Жарысқа нақты 10 әке, 10 бала қатысып, қазақтың «Арқан тарту», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі тебу» сынды ұлттық ойындарынан өзара бақ сынады. Нәтижесінде, көптің ішінен оза шауып, басты жүлдені Шонаев Айдар мен баласы Таңатқан Нұрислам жеңіп алды. Жарыс соңында жеңімпаздарды әңгімеге тартқан едік:
«Мен Байқоңыр ауданындағы 4-мектеп гимназиясынан келдім. Өзім аталған мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімімін. Ал ұлым Таңатқан Нұрислам осы білім ордасының оқушысы. Бүгін екеуміз мектебіміміздің намысын сәтті қорғап шықтық. Басқа қатысушылар да оңай шағылар жаңғақ болған жоқ. Олар бізге мықты қарсылас болды. Жарыс өте тартысты өтті деп айта аламын. Осындай ұлттық спортты дамытуға, насихаттауға бағытталған сайыстардың көбірек ұйымдастырылғанын қолдаймын».


Айта кетелік, елімізде «Әкелер күні» екінші рет аталып өтуде. Бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті үкімет қаулысына қол қойып, маусым айының үшінші жекенбісін мерекелік күн ретінде ресми бекіткен еді. Биыл айтулы мереке маусым айының он алтыншы жұлдызына тұспа-тұс келді.
А. Қыздарбек,
Қазақ үні