Түркістанда ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттар форумы өтті

Түркістанда ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттар форумы өтті

Бүгін Түркістанда 4 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, көпшілікті келе жатқан айтулы күнмен құттықтады. 

 – Халықтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін қалыптастырып, санасына сіңіру – баршамыздың азаматтық борышымыз ғана емес, басты жауапкершілігіміз. Дәл осы мерекеге орай, дәстүрлі түрде өткізіліп отырған облыстық патриоттар форумында нағыз үздіктер марапатталғалы тұр. Сіздердің жетістіктеріңіз әрбіріміз үшін зор мақтаныш екені даусыз. Патриот болу – өзінің жеке топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі екені барлықтарыңызға белгілі. Мемлекеттік рәміздеріміз өз тұғырынан түспей, еліміз өркендей берсін,-деді облыс әкімінің орынбасары. Ол туған елі үшін еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады. 

Оқушылар сарайында өткен жиында республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері бар ғылым және білім, мәдениет, спорт, медицина, еріктілер, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, технология, бизнес саласында ерекше ерлік көрсеткен азаматтар марапатталды. Сонымен қатар биыл көктемде еліміздің бірнеше аймағындағы су тасқаны кезінде қол ұшын созған жандардың еңбегі бағаланды. Соның ішінде өзінің жинаған ақшасын аударған кентаулық 4-сынып оқушысы да бар. 

Іс-шара барысында Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, доцент Жәмила Дүйсенова, ерікті Олжас Мамыр, Кентау қаласындағы К. Ататүрік атындағы №4 мектеп-лицейінің 4 «ә» сынып оқушысы Гаухар Шәймерден сөз сөйлеп, көпшілікті отансүйгіштікке шақырды. Әрі қарай мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Елдің рухын көтеретін әндер шырқалып, бишілер мың бұрала биледі.