Өнері өрге шалқыған орда

Өнері өрге шалқыған орда

   Түркістанда Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның 60 жылдығына орай «Өнері өрге шалқыған орда» атты концерті болды. Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының «Өнері өрге шалқыған орда» атты концерті өтті. Концертке облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Шәмшінің қарындасы Райхан Қалдаяқова және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы, Шәмші мұрасын зерттеп жүрген композитор Қалдыбек Құрманәлі бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Кеш шымылдығы Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған Шәмшінің «Отырардағы той» әнімен басталды. Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып беріп, өнер ұжымын құттықтады. Филармония шаңырағында аянбай еңбек еткен бір топ мәдениет майталмандарын марапаттады. «Еңбек ардагері» медалімен және ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің, Түркістан облысы әкімінің құрмет грамотасы, сонымен қатар филармонияның 60 жыдығына орай алғаш рет дайындалған Шәмші Қалдаяқовтың мерекелік төсбелгісі табысталды. 

Мерекелік кешті Жандос Өсербаев пен Аяжан Ештаева жүргізді. Кіре берісте ойнап тұрған скрипкашылар Шәмші Қалдаяқовтың жеке заттары қойылған көрме мен филармония тарихы таспаланған фотокөрме көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерт барысында филармония әншілері дарынды композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы шығармаларын оркестрдің және вокалды құралды-аспапты ансамбілінің сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Классикалық әндер шырқалды. Арнайы караоке ұйымдастырылып, әнсүйер қауым сазгердің өміршең әндерін қосыла шырқады. Сонымен қатар көрермен бишілердің мың бұрала билеген биін тамашалап, күмбірлеген күй тыңдады. 

Кеш барысында қазақ эстрадасының жұлдызы кеш қонағы Асқар Жүнісбеков, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Наркенже Серікбаева, Гүлнұр Нұратаева, Құралай Қасымова, «Сарын» тобы, Айнұр Әбілдаева, Фариза Беймаханбет, Нұрислам Қылыш, Әсел Қожанова, Алуа Мерген, Әли Сұлтан, Ерлан Дәуренбеков және Оразәлі Жаңабаев, Руслан Ақынбеков, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисі Данияр Барыс сынды талант иелері өнер көрсетті. «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Фараб», «Яссы» би ансамбльдері кештің сәнін кіргізді. Осылайша, филармония ұжымы Шәмші әндеріне сусап келген түркістандық тыңдарманның көңіліне керемет сезім сыйлап, көптің ықыласына бөленді. 

Айта кетейік, біртуар азаматтың есімі берілген өнер ордасының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Шәмші Қалдаяқов қазақ даласына 300-ге тарта ән қалдырған. Әрбір туындысына жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері аталмыш концертте жаңаша сипат алды. Ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған ұлы сазгердің есімі қазақ халқы үшін қашан да қастерлі.