Түркістан: Ордабасыда «Шәмші аллеясының» құрылысы басталды
2024 ж. 29 мамыр
513
0
Ордабасы ауданынының құрылғанына 60 жыл толуына орай Темірлан ауылында Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің сұлтаны Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші аллеясының» құрылысы басталды. Нсыанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «Armada Story 2020» ЖШС-і мердігер мекемесі аллеяны биыл шілде, тамыз айларында қолданысқа бермек. Онда сазгердің ескерткіші, сахна, орындықтар орнатылатын болады.
Айта кетсек, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Оның 300-ге жуық ән мұрасы бар. Бүгінде сазгердің «Ақ сұңқарым», «Ақ бантик», «Қара көз», «Қайықта» секілді әндері кеңінен танымал. Сондай ақ, жігерлі әрі қуанышпен шырқалатын «Бақыт құшағында», «Менің Қазақстаным», «Бәрінен де сен сұлу», «Теңіз құшағында» әндері ел арасына кең тараған.
Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің тарихы тереңде жатыр. Ол – бұл әнді 1958 жылы кремль қазақ жерінің солтүстіктегі бес облысын автономиялы мемлекет етіп бөліп бергелі жатқанда қазақ халқының қазақ жерін бөлшектеуге қарсылығын білдіру мақсатында жазған әнұраны. Ұлы композитор ұлттың рухани қарсылығын осылай көрсетті. 1986 жылы тоталитарлық жүйенің қазақ елін басып жаншуына қарсылығын білдіріп шыққан жастардың бас көтеруінде әйгілі «Желтоқсан» көтерілісінде осы «Менің Қазақстаным» әнұран ретінде шырқалды. Алаңдағы жастарға рухани қолдау болды. «Менің Қазақстаным» әні зар-заман жылдарында шыққан «Елім ай» сияқты көтерген жүгі ауыр ән. Қиын қыстау кездерде ұлтының рухын көтеріп ән шығарған сазгер Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының есінде мәңгі қалады. Ол қандай құрметке де лайық өз туған ұлтының перзенті.