МӘСКЕУДЕ ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
2010 ж. 08 сәуір
2067
3
Жер мен Көк көктем шуағына шомылып, екі миллиардқа жуық мұсылман халқы Наурыз мерекесін тойлап жатқанда Мәскеуде Ресейдің – Бейбітшілік және келісім Федарациясының салтанатты сарайында әртүрлі ұлттардың көрнекті өкілдері бас қосқан мәні мен сәні жарасқан, көргенде арманда, көрмегенде арманда деуге тұрарлық әсері мол, тағылымы зор кеш өтті. Ресей жазушылар одағы, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамы және Ресейдің Бейбітшілік және келісім Федерациясы ұйымдастырған салтанатты кеш көрнекті суреткер, бірқатар әдеби сыйлықтардың лауреаты, өз еліміздің «Парасат», Ресейдің «Державин» ордендерінің иегері Сәбит Досановтың жетпіс жасқа толған мерейтойына арналды.
Кешті жүргізген орыстың атақты ақыны Людмила Щипахина, алғашқылар қатарында сөз алған Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков, академик-сыншы Феликс Кузнецов, ақын, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Валентин Сорокин, Татарстан мен Арменияның көрнекті қаламгерлері Ямиль Мустафин, Станислав Оганян т.б. кеш иесінің «Ақ аруана» повесі мен «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының сюжетін шола, шығармашылық ерекшеліктерін талдай отырып, оның авторының кең құлашты кемел ойлы, эпик суреткер екендігін сүйсін әңгімеледі. Мемлекет қайраткері Фахир Абдухалықов кеш иесінің иығына қазақтың алтын зерлі шапанын жапты, Раушан Қанапиянова мемлекеттік думаның ескерткіш медалін тапсырды, генерал-лейтенат Ерлан Мырзабеков көрнекті мемлекет қайраткері Геннадий Зюгановтың мерейтой иесіне деген ыстық ықыласты құттықтауы мен сый-сияпатын жеткізді. Кеш барысында Людмила Щипахина, Глан Онянян, т.б. ақындардың арнау өлеңдері мен кеш иесінің жырлары оқылып, әсем әндер шырқалды. Мәскеудегі кеш жайлы «Мир» телеарнасы ТМД елдеріне «Жаңалықтар» бағдарламасында екі күн қатарынан төрт рет хабар таратты.
БҮГІНГІНІҢ СӘБИТІ Терең теңіз жүзген алып кемесің, Жетпісің бұл – жемісі мол белесің. Өрге тартып келе жатыр өр есім- Біздің қазақ атты тегін қоймаған, Ұлы Сәбит жолын жалғап келесің. Төрге өрлеткен төккен тер мен төзім шын, Шығармаңды шырайлы еткен сезім шын. Әуезовтен кейін мынау қазақта, Үлкен сыйлық алған қазақ өзіңсің. Ұлылардың талайынан бата алдың, Басыңа да туды бір кез қатал күн… Аман қалып апатынан ұшақтың, Әдебиетте Ақсақ Темір атандың… Өзісің ғой өрге жүзген дүлдүлдің, Қанша еңбекпен келіп отыр бұл бір күн. Шығармаңды оқымай-ақ сынайтын, Сыншылардың барлығын да сындырдың… Сапарларға шығасыз ғой сан әлі, Ағамызды қыздар өзі табады… Мәскеулерде қалған мәйкі көбейіп, Туа берсін… туындылар бағалы… Қаламыңмен Парижге де жеткенсің, Қазақ-орыс арасында өткелсің. Насыр акам нағыз тауып айтқандай, Сұлулардың Сәбитпазы көп болсын… Құралайдан асқан бірақ жоқ болсын! Жазушылық із қалдырар ізгі өнер, Кітабыңды жүре берсін іздеп ел. Аруанаңмен шарлап бүкіл әлемді, Бүгінгінің Сәбиті боп Жүзге кел! Қазыбек ИСА 2010 жыл
Дүниені дүбірлеткен дүлділім
Созбақтамай,
Айтар болсам төтелеп:
Біз секілді інілерді мәпелеп,
Әдебиет әлеміне ғажайып,
Қосқан Өзің алып келіп жетелеп.
Ел біледі бекзаттығын – болмысың,
Қай қырыңнан болсын – үздік үлгісің!!!
Кешегі өткен Мұқановқа айнымай
Ұқсап туған –
Сәбит аға, армысың!!!
Мейлі өзгелер не десе де...
Мықтысың!!
Таланттысың,
Талғампазсың,
Тектісің!!!
Дүниені дүбірлеткен дүлділім,
Құтты болсың, қос 35 – 70-ің!!
Іштар біткен сеніменен алысты,
Ақырында жақтары бір қарысты...
Себебі оның: мойындаттың о Сәбе,
Ағылшынды...
Французды...
Орысты...
Таныды олар Қазақтың шын жүйрігін,
Шашасына шаң жұқпас Шалқұйрығын!!
Сондықтан да, рухы асқақ Ресей,
Берді саған өзінің бас сыйлығын!!
Жазушылық шоң еңбегің өтелді,
«Аруана» - биіктерге көтерді!!
Қазағың да бас июде өзіңе,
Мойындатып қойғаннан соң шетелді...
Жігітсің ғой – баста таймас бағы бар,
Арқасында – адамзаттың жүгі бар.
Айқастардан,
Шайқастардан сескенбес,
Батыр да - Өзің жүрегенің түгі бар!!
Жұртыңа аян – ерекше боп туғаның,
Әруағы зор – сендей дара тұлғаның!!
Бір мысалы: көк аспанда атылған
Самолеттен аман- есен қалғаның!!
Бұл жалғаннан кететұғын сүрінбей –
Пенде бар ма, сөзге-көпке ілінбей??
Сен ұшақтан құлағанда,
Қорғады –
Періштелер көкте көзге көрінбей...
Шын жазушы – сөз сарайын қалаушы,
Өзің шебер сәулеткерге балаушы.
Салондағы тура 77-інші –
Сен едің ғой нысаналы жолаушы...
Содан кейін Мұқановпен сырластың,
Мүсірепов, Мұстафинмен мұндастың.
Қонаевпен қолтықтасып қыдырып,
Досы болып кеттің ұлы Олжастың!!
Солай Сәбе, тек биікке самғадың,
Ел мен жердің тағдырын мың толғадың.
Ұлт мүддесін сонау 86-да,
Бір қазақтай жаның сала қорғадың.
Елге қылған жақсылығың жетеді,
Айта берсек – соңы аңыз боп кетеді...
Суреткерлік,
Қайраткерлік қабілетің –
Қос қанатың,
Бір-бірінен өтеді?!
...Іінің едім соңына аға, көп ерген...
Кездерінді көргенім жоқ түнерген.
Ақ жол тілеп, ақ батаңды берген соң,
Ақын болып кете бардық жыр өрген.
Не тілесем – артық емес мен Сізге,
Әруақытта қамқор болдың шын бізге!!
Бар қазақты бауыр тұтып жүресіз,
Бөлгендерді ұнатпайсыз Үш жүзге.
Сондықтан да берілмей еш шүбәға,
Тілек етем бір Тәңірге – Тобаға:
Мерейіңді асырсын деп ерекше!!
Ал сен самға қияларға,
Сәбе-аға!!
Күншіл біткен күндей берсін – күндесе,
Еріктері – осынымыз жөн десе...
Неше жерден жармасса да жағаңа,
Сен ешкімге бермейсің ғой енді есе!!
Сөз маржанын селдетіп бір жаңбырша,
Ерлігінді – көрсетіп нар Жалбырша,
100-ге жетіп,
Бөлен ұлы даңққа,
Жырдың қызыл жолбарысы Жамбылша!!
Хамитбек МҰСАБАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері