Түркістанда «Өңірдің құнды тарихы-музей жәдігерлері» музейлер шеруі өтті

Түркістанда «Өңірдің құнды тарихы-музей жәдігерлері» музейлер шеруі өтті

Бүгін Түркістанда 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай облыстық «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен «Өңірдің құнды тарихы – музей жәдігерлері» атты музейлер шеруі өтті. Шараны облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып беріп, музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. 

Музейлер шеруіне өңірдегі 11 қорық- мұражай, музейлер қатысты. Атап айтқанда, «Әзірет-Сұлтан» мелекеттік тарихи-мәдени музей қорығы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі және соған қарасты Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музей филиалы «Ұлы Дала Елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов пен Нәзір Төреқұлов атындағы музей филиалы, «Руханият» Әбу Насір әл Фараби музейі, «Шәмші үйі» мұражайы, Ордабасы ауданындағы тарихи-өлкетану музейі, Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі қатысты. 

Аталған шараға 200-ден аса оқырман қатысып, келушілер және қала қонақтары тамашалады. Іс- шара соңында кітапхана директоры Жанат Шардарбекова тарихты сақтаушы музей қызметкерлеріне алғыс білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Шеруге қатысушы музейлерге алғыс хат табыстап, облыстың бес жылдығына арнайы шығарылған «Бес жыл белестері» кітабын сыйға тартты.  

Жалпы Халықаралық музейлер кеңесі бұл атаулы күнді 1977 бекіткен. Музей күні 1978 жылдан кәсіби мереке ретінде аталып өтіледі. Бұл дата КСРО кезінде 1977 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітілген. Осы күні әлем елдерінде музейлерде «Музей түні» акциясы ұйымдастырылады. Қазір елімізде 271 музей бар. 

Бірінші болып түнгі мезгілде 1997 жылы Германия музейлері келушілерге есік ашқан екен. 2005 жылы француздар «Музей түні» халықаралық музей акциясын жыл сайын өткізіп тұру туралы өз пікірлерін ұсынған болатын. Осы жылы Еуропа кеңесі аталған ұысынысты бекітті. 2006 жылы әлемнің 38 елінің 2 мыңнан астам музейлері «Музей түні» жобасының қатысушылары. «Музей түні» халықаралық акциясына Қазақстан елі де қосылды. Қазақстандағы «Музей түні» мерекелік іс-шарасын алғашқылардың бірі болып ҚР Мемлекеттік орталық музейі ұйымдастырған еді.