Түркістанда Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық балалар фестивалі өтті

Түркістанда Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған облыстық балалар фестивалі өтті

Бүгін Түркістанда балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай облыстық «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті. Байқауды облыстық мәдениет және туризм бақармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, жас өрендерге сәттілік тіледі.

Екі бағытта өткен сайыста өңірдің барлық аудан, қаласынан келген шығармашыл балалар мен жасөспірімдер бақ сынады. Біріншісі, балалар арасында көркем сөз оқу болса, екіншісі, театралды қойылымдар. Негізігі мақсаты – облыстағы дарынды балалар мен жасөспірімдерді өнерге ынталандыру, олардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру, ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, таным көкжиегін байыту.

Қазылар алқасы үміткердің сахна мәдениетіне, дыбыс тазалығына, орындаушылық шеберлігі мен сахналық киіміне және тағы басқа да қырларына баса назар аударды. Байқауда көркем сөз оқу жанры бойынша облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма тетатрының актері Қанат Садықбеков, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы, «Сахан тілі» маманы Салтанат Қырқынбекова төрелік етті. Ал, тетралды қойылым жанры бойынша Мәдениет саласының үздігі, «Сахна тілі» маманы Ұлбосын Кулетова, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Нұржан Ізтаев, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров төрелік етті. 

Әділқазылар шешімімен көркем сөз оқу жанры бойынша бас жүлдені Шардара ауданынан келген Ділдәбек Асылбек иеленді. Ал, Арыс қаласынан келген Әбдрахман Ерсін жүделі І орын иегері атанса, жүлделі ІІ орындар түлкібастық Сыпатай Толғанай мен ордабасылық Демеуов Нұрдәулетке бұйырды. Созақтық Досхан Ахмет пен Бәйдібек ауданынан келген Үсен Балқадиша және түркістандық Сымайлова Шадияна жүлделі ІІІ орын иегері атанды. 

Ал, театралды қойылым жанры бойынша Ордабасы ауданынан «Жас толқын» балалар тобы «Сұлулық патшалығы» қойылымын сомдап бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі І орын «Таңдау» қойылымын сомдаған Сауран ауданының «Кемел» балалар театрына бұйырды. Жүлделі ІІ орынды иеленген Ордабасы ауданы «Жас толқын» балалар театрының «Сәулелі сезім» қойылымы және Түркістан қаласы «АКА» шығармашылық орталығының жас таланттары сомдаған «Жамбо, Мико және қасқыр» қойылымы болды. Сарыағаш ауданы «Сөз» балалар үйірмесінің «Менің атым Қожа» көрінісі, Түркістан қаласы «Келешек» балалар театрының «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымы және Отырар ауданы «Көксарай» балалар театрының «Ертегілер елінде» қойылымы жүлделі ІІІ орынды иеленді. 

Айта кетейік, байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.