Жауынгерлерді еске алды

Жауынгерлерді еске алды

Жеңіс күні мерекесінде Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, Ардагерлер кеңесінің төарағасы Бостандық Жәкей, еңбек және тыл ардагерлері, аудан халқы қан майданда от кешкен жауынгерлерді еске алды. Ардагерлер аллеясындағы есімі жазылған батырларға гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Отан үшін отқа түсіп, көкірегін оққа тосқан ардагерлеріміздің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Түркістан облысында 11 ардагер болса, Ордабасы ауданында 1 ғана көзі тірі батыр қалған. Сұрапыл соғыс отынан аман шығып, тәуелсіздік таңын көрген Мұрат Қалмен атамыз бүгінде 100-ге толды. Ғасыр жасаған батырға Ордабасы ауданы әкімдігі автокөліктің кілтін табыстады. 

Мұрат атамыз өз сөзінде «Қанқасап соғыс атаулы ешқашан қайталанбасын, ұрпағымыздың ұйқысы тыныш, жүзінен күлкі кетпесін, қарны тоқ болсын»,- дейді. Бірақ, осындай тыныш өмірдің қадіріне жету керек. Қадіріне жету деген, ол ата-анаңды сыйлау. Сабақ оқып, жақсы білім алу. Ержеткеннен кейін жоғары білім алуға талпынып, елге адал қызмет ету керек. Елдің экономикасын, әлеуметтік ахуалын көтеретін сауатты, тәрбиелі, білімді жастар. Білімді елде даму болады. Өзіңнен кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп, елді алға сүйрей алсаң, міне ата-анаңның, тыныш өмірдің қадіріне жетесің» деді, соғыс ардагері. Жиналған қауым 100 жасаған ақсақалдың өмір туралы толғауларынан тәлім алып, естеліктерін ұйып тыңдады. Бейбіт өмірдің қадірін түсінді. Мұрат атамыз енді соғыс болмасын деген ақ тілегін арнап, елге батасын берді. Қаһарман қария құрмет көрсеткен аудан әкімдігіне, халыққа алғысын айтты.