Ешкім ұмытылмайды
2024 ж. 12 мамыр
603
0
Жеңіс күніне орай облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов 102 жастағы түркістандық ардагер Немет Әбдірасиловтің үйіне арнайы барып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагеріне сый құрмет көрсетті.
Немет Әбдірасилов 1922 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. І дәрежелі Отан соғысы, ІІ дәрежелі және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медалімен наградталған. Соғыс аяқталған соң Түркістан қалалық милициясында елеулі еңбек етіп ел тыныштығын қорғады. Қоғамдық тәртіптің күре тамыры милицияда абыройлы еңбек етті. Ол соғыста көрген жантүршігерлік оқиғалардың ендігі жерде қайталанбауы үшін адамдар бір-біріне ізгі ниетте болу керек дейтін. Адам баласы үшін ең әуелі жүрек тыныштығы керек. Жүрек тыныш болуы үшін елде бейбіт өмір, аспанымыз ашық болуы керек деп үнемі айтып отыратын. Соғыс ардагері ретінде мектеп оқушылары мен полиция қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінде бейбітшілікті дәріптеп, елге адал еңбек етіңдер деп айтудан әсте жалыққан емес. Өз балалары мен немерелеріне әуелі сіңірген тәлім-тәрбиесі ешқашан ешкімнің ала жібін аттамай, еңбек етіңдер дейді, ақсақал. Шамаларың келсе адам баласын ренжітпеңдер деп әрдайым айтып отырады. Ажал құрсауынан еліне аман жетіп, көпті көрген бүгінде ел ардагеріне айналған ақсақалдың жастарға үйрететін көргенді әңгімесі осындай. Ол сонымен қатар өзі де зейнеткерлікке шыққаннан кейін Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып істеген. Жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагерімен облыс жұртшылығы, оқушылар, курсанттар әр кез кездесу ұйымдастырып, оның естелік әңгімесін тыңдап өнеге алып отырады.
Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай, бұл жолы да облыстық барлық аудан, қалаларында отаншылдықты дәріптейтін іс- шаралар ұйымдастырылып, жауынгерлерге, қазіргі ардагерлерге құрмет көрсетілді. Отансүйгіштікті дәріптеу мақсатында алдағы уақытта жастардың қатысуымен іс-шарлар өткізу жоспарлануда.