БІРЛІКСІЗ ТІРЛІК ЖОҚ

БІРЛІКСІЗ ТІРЛІК ЖОҚ

Мемлекеттік мерекелер қатарында Қазақстан халқының бірлігі күні айрықша орын алатыны түсінікті. Түркістан аймағында осынау Достық пен ынтымақтың, жасампаздықтың мейрамы тұсында да айтарлықтай істер атқарылды. 

Қасиетті Түркістан жері ежелден Қазақ елінің ең көпұлтты өңірі саналатыны мәлім. Мұнда көптеген этнос өкілдері талайдан өзінінің салт-дәстүрін сақтай отырып, ортақ елдің гүлденуі бағытында лайықты жұмыс атқарып келеді. Өлкенің өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен білім, мәдениет пен спорт салаларында түркістандық он мыңдаған жерлесіміз – көптеген ұлт өкілдері туған Қазақ мемлекетінің дамуы жолында аянбай тер төгуде.  

Облыс тұрғындарының этникалық әралуандығы мұндағы жұртшылықтың тұрмысы мен мәдениеті бағытында да өз орнын тапты. Бейбітшілік пен келісім түсінігі осындағы өмір салтының ажырамас бөлігіне айналған. Аймақ бүгінде нағыз татулық пен меймандостықтың мекені болып саналады. 

Қазақстан халқының Ассамблеясын құру идеясы ең алғаш 1993 жылы Ордабасы асқарында өткен халықтық жиында паш етілуі де кездейсоқ оқиға емес еді. Міне, содан бергі уақыт аралығында аталмыш ұйым еліміздегі барлық этностар достығының берік іргетасына айналғаны сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы жас мемлекеттің Тәуелсіздігін нығайтуда, сондай-ақ қоғамымыздағы күрделі саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық негіздегі өзгерістер жүргізу тарихында да маңызды роль атқарды. 

Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік пен осылардың 7 филиалы және 4 өкілдігі қызмет етеді. Аймақтағы партиялық құрылымдар да өңірдегі этнобағыттық ұйымдармен өзара ынтымақтастық негізде жұмыс істеп келеді.   

Облыстағы «Amanat» партиясының филиалдарының бастауы бойынша барлық этномәдени бірлестіктер мен осылардың құрылымдық бөлімдерінің күші арқылы көне Түркістан жеріндегі барлық этностар арасында сындарлы диалог пен түсіністік орнататындай ұйым құрудың сәті түсті. Бүгінде нағыз аймақтық партиялық алаң деп осындағы барлық азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен дүбірлеп өтіп жататын түрлі іс-шаралар, сан алуан кездесулер мен үстел басындағы әңгіме-дүкен, форумдар мен кеңес отырыстары деуге негіз мол. 

Облыстың партиялық құрылымдары қоғамды шоғырландырып, волонтерлік пен қайырымдылықты дамытуға бағытталған небір игілікті шаруаға мұрындық болып келеді. Партиялықтар кезінде Арыс пен Мақтаарал аудандарында болған төтенше жағдай ауыртпалығын жеңу бағытында елді жұмылдырудың үлгісін көрсете білген еді. Осынау қасірет қиындығын әрбір қазақстандықтың сезінгені даусыз. 

«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Үмбеталиевтің айтуынша, партия мүшелері қайырымдылық қызметтің үйлестіршілері ретінде қарғын су кесапатынан зардап шеккен ағайындарымызға ізгілік көмек ұйымдастырып, жөнелту ісінде де айтарлықтай белсенділік танытты. Бүгінге дейін Түркістан облысының тұрғындары еліміздің тасқын судан тұралаған аймақтарына 800 мың тонна көлемінде азық-түлік пен ең керекті тұрмыстық тауар аттандырды. Сондай-ақ оңтүстік өлкедегі түрлі еңбек ұжымдары жүк вагондарымен сонау өңірлерге қажетті экскаваторлар мен арнайы техниканы да көптеп жөнелтіп, азаматтық белсенділік көрсетуде. Мұның бәрі халқымыздың ұйымшылдығы мен бірлігін, отансүйгіштік қасиетін танытатын әрекеттер. 

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай есте қаларлықтай пайдалы істен Отырар ауданы Ақтөбе ауылдық округі де қалыс қалған жоқ. Олар да қарғын судан жапа шеккен аймақтарға көмек қолын созды. Ізгілік жәрдемін жөнелту ісіне көпбалалы аналар мен қатардағы жастар мен қарт тұрғындар, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруашылық еңбеккерлері түгелдей жұмылды. 

Ауданның құрметті азаматы, ардагер ұстаз Ж.Жүсіпов қайырымдылық акциясына қатысқан ағайындарға шын көңілден алғыс сезімін білдіріп отыр. Бұ кісінің айтуынша, осынау ортақ шаруаға отырарлықтардың бәрі бір кісідей ат салысты. 

Азаматтық белсенді әйелдер М.Тұрлыбек пен К.Байжұман да үйлерінен азық-түлік әкелуімен бірге, өз қолдарымен тіккен көрпе-жастығына дейін жеткізген аудандағы құрбылары мен апа-сіңлілеріне бек ризалығын білдіріп жатты. 

Осынау іске түлкібастық туыстарымыз да ынталана араласты. Олар да 27 тонна азық-түлікпен бірге қиындыққа тап болған бала-шағаға төсек-жабдық, киім-кешек, дәрі-дәрмек, алғашқы сәтте ең қажетті деген өзге де бұйымның бәрін ортаға салып, елгезектік көрсетті.

Түлкібас ауданының әкімі Н.Ізтілеуов пен мәслихат төрағасы Х.Байысбаев акция ұйымдастырып қана қоймай, өздері де ізгілік жүгін жинап, жөнелту шаруасына тікелей араласып жүрді. 

Тасқын су астында қалған елді-мекендерге қолұшын созу ісіне аянбай кірісіп, мейлінше ширақтық танытқан Рысқұлов атындағы ауылдық округінің тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер еңбегін орайлы сәтте лайықты бағалағымыз келеді. Мұны дер кезінде сезінген аудан жетекшілігі де оларға шексіз ризалығын айтты. 

Игі шаруадан «Арыс минералды су» жауапкершілігі шектеулі бірлестігі де сырт қалмауға тырысты. Кәсіпорын қиындыққа тап болған солтүстікқазақстандық ағайынға 10 тонна минералды су жөнелтті. 

«Арыс минералды су» кәсіпорнының қуаты – жылына 18 млн. литр минералды су шығару. Мұнда еңбек ететін 20 адам 1 870 метр тереңнен тартып, тәулігіне 15 мың шөлмек су дайындайды. Судың шипалылығы деңгейін Курортология институты бекіткен.  

Осынау игі шаруадан арыстық кәсіпкерлер де сырт қалмауға тырысты –

олар нәрлі суды жеткізудің жол шығынын өз мойынына алды. 

Арыстың іскер азаматтары мұның алдында да қарғын судан жапа шеккен бауырларымызға 10 тонна көлемінде азық-түлік, киім-кешек, төсек-жабдық жөнелткен еді. Мұндағы ел-жұрттан бұйымдарды қабылдау орны әлі де жұмысын жалғастыруда.