Түркістан: Келес ауданында ерлікпен қаза болған жауынгерлерге арналған монументке гүл шоқтары қойылды

Түркістан: Келес ауданында ерлікпен қаза болған жауынгерлерге арналған монументке гүл шоқтары қойылды

Келес ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ» мемориалды тақтасына гүл шоғын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, мемориалға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. 

 – Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтаймын. Елімізден сан мыңдаған жауынгерлер түрлі соғыс майданына аттанып, ақтық демі қалғанша шайқасты. Бүгін біз боздақтардың рухына тағзым етеміз. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандарымыздың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – біздің азаматтық парызымыз. Елімізде ешқашан соғыс болмасын деп тілеймін, - деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы. 

«Бейбіт күн жасасын әлемде» атты іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ахмет Мұхамеджанов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы, ауған және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. 

Алдымен жиналғандар қаза тапқан батыр бабаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды. Келес аудандық орталық мешітінің бас имамы Жорабай Дулатбаев марқұмдардың рухына арнайы құран бағыштады. Бұдан кейін аудан әкімі, аудандық мәслихаттың төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тыл және еңбек ардагерлері, мекеме, бөлім басшылары, «Даңқ» мемориалы тақта алдына гүл шоқтарын қойды.