Түркістанда Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Түркістанда Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Биылғы Отан қорғауышлар күні мерекесі – екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұлғалардың құрметіне отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін іс-шаралар өтуде. Бүгін Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне арналған мәдени іс-шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, әскерилерді құттықтады. 

 – Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз. Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Сондықтан 18 –ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуі міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан жастарының көп болуы – заңдылық. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, адал ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын. Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін. Отан қорғаушылар күні құтты болсын – деген облыс басшысы әкерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады. 

Жиында «Ұлттық ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтті. Қолбасшы облыс әкіміне баянат жасады. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімінің сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.